Оқулықтар 100 пайыз цифрлық форматқа көшірілді
Бүгінде мектеп оқулықтарының цифрлық форматқа көшірілу көрсеткіші 100%-ды құрайды. Оқулықтар мемлекеттік сараптамадан өтіп, оқу-әдістемелік кешендер тізіміне енгізілді. Цифрлық оқулықтар елімізде 13 баспаның 11 платформасында әзірленуде. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлайды.
– Пәндерді оқытуда инновациялық әдіс-тәсілдерді енгізу мақсатында педагогтердің қолдануы үшін әдістемелік ұсыныстар әзірленді. Мұғалімдер сабақтарды заманауи цифрлық технологияларды, онлайн коммуникацияларды, саралау мен даралауды пайдалана отырып өткізеді, сондай-ақ онлайн ресурстарды қолдану білімдерін жетілдіреді, – деп атап өтті ҚР ОАМ Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова.
Бұдан басқа робототехника, STEM, химия, физика, биология пәндеріне арналған 1 345 заманауи кабинет ашу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін 20 өңірдегі 1 072 мектеп заманауи кабинеттермен жабдықталмақ.
Құралай КӨБЕНОВА,«QH»