Барлық берекенің бастауы – ауыл

Академик Евней Арыстанұлы Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің педагогика факультетінде «Ауыл нақыштары» атты фотокөрме басталды. Қарағанды қаласының тұрғындары мен қонақтары жиналған іс-шара көрерменнің көңілінен шыққан.

Аталмыш көрмеге қойылған фотосуреттер байқау негізінде таңдалған. Оған 300-ден астам кәсіби және әуесқой фотограф қатысып, 1000-нан астам фотосурет ұсынылды. Көрмеге қойылған фотосуреттерде қоғамдағы заманауи ауыл мен ауыл еңбеккерлерінің бет-бейнесін көрсетуге тырысқан.

– Барлық берекенiң бастауы – ауыл. Сол себепті ауыл нақыштарын дəрiптейтiн мұндай бастамаларға біздің партия ерекше қолдау білдіреді. Бiрге атсалысуға тырысамыз. Республика кɵлемiндегi ауқымды шараны ұйымдастырған азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Еліміздің әрбір ауылы кɵркейе берсiн, – деп атап өтті Қарағанды облысы бойынша «Ауыл» ХДПП облыстық филиалының төрағасы Серғазы Әдекенов.

Биылғы жылы байқауға 122 қатысушы қатысып, 500-ге жуық сурет ұсынылды, бұл – фотобайқаудың жұртшылық және шығармашылық қызметкерлер үшін маңыздылығы мен қажеттілігін көрсетеді. Ауыл тақырыбы пейзаж, репортаждық және портреттік сурет, деректі фотосуретпен айналысатын кәсіби фотографтар үшін қызықты. Фотокөрмеде еліміздің барлық өңірінен келіп түскен, тақырыбы, жаңашылдығы, ерекшелігі жағынан кәсіби қазылар алқасының іріктеуінен өткен фотосуреттердің 50 данасы ұсынылған.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,«QH»