«Тұлпар» командасы футзалдан Қазақстан чемпионы атанды
Қарағандылық «Тұлпар» командасы футзалдан Қазақстан чемпионатында жеңіске жетті. Ол U15 санатындағы 2009-2010 ж.т. жасөспірімдер арасында үздік атанды.
Республикалық біріншілік үш кезеңде өтті. Біріншісі – қарашада Алматыда, екіншісі – қаңтарда Қарағандыда, үшіншісі – наурызда Ақтөбеде. Барлығы жарыстарға 18 команда қатысты.
– Чемпионат қызықты, қарқынды өтті. Біз 17 ойын өткіздік. Оның 15-ін жеңдік. Астанадан келген «Сайран» командасы бізден бір ұпай артта қалды. Жаңаөзен футбол академиясының командасымен тең ойнадық. Біздің жеңісімізге қарқынды жаттығулар, балалардың күш-жігері мен тактикалық машықтары, схемалары ықпал етті, – дейді команда жаттықтырушысы Юрий Филиппов.
«Тұлпар» футболшысы Расул Әкімов жарыс қорытындысында «Үздік ойыншы» номинациясын жеңіп алды.