НАУРЫЗ – КӨКТЕМ МЕЙРАМЫ

Наурыз – түркі халықтарының мейрамы. Бұл мейрамның бастау алғанына 5000 жылдан астам уақыт өтті. Бұл – көктем мейрамы, жаңа өмірдің, жаңа жылдың бастау алған күні, Самарқанның көк тасының еріген күні, күн мен түннің теңелген күні, жаңа өмірдің бастау алған күні. Сағынып күткен ортақ мейрамымыз жаңа мазмұнмен, жарасымды қазақы ұлттық құндылықтағы сән-салтанатымызды түрлендіре отырып Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан ауданына қарасты «Балапан» бөбекжайында биік дәрежеде тойланды.

Наурыз мейрамының ауқымды түрде аталып өтуіне бөбекжай басшылығы мен ұжымы бірдей атсалысты. Балабақша ауласына сегіз қанат ақ орда үйлер тігіліп, киіз үйлердің ішіне ұлттық нақыштағы қазақы құндылықтарымызды дәріптейтін бұйымдар қойылды.

Наурыз тойы ата-аналар мен балалармен бірігіп ән шашумен басталды. Балабақшаның кең ауласы дүбірлі той салтанатына ұласып, ата-аналар мен балалар өнер көрсетті. Ақ дастарқан жайылып, дастарқандар ұлттық тағамдарға толды. Табақ-табақ қазы-қарта, жал-жая салынған ет тартылды. Ыстық бауырсақ, құрт, сарымай, иісі бұрқыраған наурыз көже, көздің жауын алған ұлттық тағамдарымыз ақ дастарқанымыздың төрінен орын алды.

Салтанатты шарада шашбаулары сылдырлап, үкісі бұлғаңдаған, ұжымның ұлттық киім киген жастары қызмет етті. Ұлттық киімдегі ата-әжелеріміз, ата-аналар, балалар асыға күткен әз Наурызды көтеріңкі көңілмен қарсы алды. Ұмыт бола бастаған ұлттық ойындарымыз кеңінен ойнатылып, жиналған қауымның ұлттық ойынға деген қызығушылығын оятты. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.

Бөбекжай бүлдіршіндері асқақтата ән шырқап, мың бұрала би биледі. Сұлтан мен Бибінұр бүлдіршіндеріміздің домбыра ұстап айтысқаны көпшілікті тәнті етті. Қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің музыка маманы Ү.С.Бекшинаның сүйемелдеуімен бөбекжай ұжымы да ата-аналарға өздерін шығармашылық қырынан көрсетіп, әсем ән және күмбірлеген күйлерімен Наурызымыздың сәнін кіргізді. Қыдыр ата жиналған қауымға ақ батасын беріп, ақ жаулықты әжеміз шашуын шашты.

Тойымыздың қонағы болған Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік те тамаша әндерімен халықтың алғысына бөленді.

«Балапан» бөбекжайы әз Наурыз мейрамын жылдағыдан ерекше жақсы дәстүрмен, жаңа күш-қуатпен атап өтті. Ата-ана мен бөбекжай арасындағы алтын көпір діңгегін берік орната білді. Ақсақалдарымыз батасын беріп, әжелеріміз алғысын айтты.

Наурыз мейрамын қорытындылай отырып, ұлыстың ұлы күні тілі басқа – тілегі бір, жүзі басқа – жүрегі бір халықтардың ортақ мейрамы ретінде есімізде қалуына «Балапан» бөбекжайы үлкен үлес қосты.

Ләззат Сүлейменова,

«Балапан» бөбекжайының директоры;

Саягүл Жақұлова,

бөбекжай әдіскері