Қарағандылық оқушылар Республикалық пәндік олимпиадада он бес медаль жеңіп алды
Еліміздің бірден жеті өңірінде жалпы білім беретін пәндерден республикалық олимпиада өтуде. Астанада жаратылыстану-математикалық бағыттағы зияткерлік жарыстар аяқталды. Оның қорытындысында қарағандылық оқушылар 15 медаль жеңіп алды.
Н.Нұрмақов атындағы ММЛИ 9-сынып оқушысы Нұргүл Егенбергенова физика пәнінен бірінші орын алды.
– Менің жетекшім және пән мұғалімі – Жалғас Жұрынтаев. Өткен жылы физика пәнінен республикалық олимпиадада алтын медаль жеңіп алдым. Биылғы нәтижем де сондай. Бірінші турдың есептері өте қызық болды. Екінші кезең – эксперименттік кезең, ұзақ уақыттан бері алғаш рет нақты форматта өтті. Маған бұл тәжірибе қатты ұнады. Болашақта халықаралық олимпиадаларда да күш сынап көргім келеді, – деп бөлісті Нұргүл Егенбергенова.
№1 «Білім-Инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Әліби Ақберді физикадан екінші орын алды.
– Мен 7-сыныптан бастап физикамен айналысамын. Сабақтан кейін күн сайын республикалық жарыстарға 4 сағаттан дайындалып, өткен олимпиадаларды салыстырып, есептер шығардым. Болашақта басқа да маңызды олимпиадаларға қатысуды жоспарлап отырмын, – дейді Әліби Ақберді.
Математикадан «Мұрагер» ММЛИ 10-сынып оқушысы Бейбарыс Жеңісбек және №1 «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушылары Асқар Жұмағали (9-сынып) және Нұрислам Алдабергенұлы (10-сынып) қола жүлдеге ие болды.
Тағы он оқушымыз география, информатика және химиядан 9-11 (12) сынып оқушылары арасындағы Республикалық пәндік олимпиаданың жүлдегері атанды. Олар екі алтын, бір күміс және жеті қола медаль жеңіп алды.
Химия пәнінен бірінші, екінші, үшінші орындарды №1 «Білім-Инновация» мектеп-лицейінің үш оқушысы иеленді. 10-сынып оқушысы Санжар Қалиакбар алтын, 10-сынып оқушысы Айдар Дәрібай күміс, 9-сынып оқушысы Құрманәлі Әпейіс қола жүлде иеленді.
Географияда үшінші орынды біздің өңірдің төрт оқушысы бөлісті:
– Алан Бодуков, №2 Қарағанды қалалық лицейінің 11-сынып оқушысы;
– Мирас Айқынбаев, Қарағанды қаласы Б.Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы;
– Арайлым Темірланқызы, №2 «Білім-Инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы;
– Ералы Қалыш, Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернат-лицейінің 9-сынып оқушысы.
– Мен география пәнінен республикалық олимпиадаға екінші рет қатыстым. Жетекшім – Серік Рахым Рахманұлы. Өткен жылы екінші, биыл үшінші орын иелендім. Олимпиада үш кезеңнен тұрды: біріншісі мультимедиалық, екіншісі жазбаша, үшіншісі далалық типте. Үшінші тур барысында біз Алматыдағы Есентай өзенінің бойында қызықты тапсырмалар орындадық. Жалпы, олимпиада сұрақтары күрделі болды. Менің санатымда еліміздің барлық өңірінен 49 оқушы қатысты, – деді Ералы Қалыш.
«Информатика» санатында бірінші орынды Н.Нұрмақов атындағы мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы Әлішер Қазтаев иеленді. Осы пәннен екі үшінші орынды №1 «Білім-Инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Абзал Бекежан және Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Асқар Айбасов жеңіп алды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер I, II, III дәрежелі дипломдармен және ҚР Оқу-ағарту министрлігінің алтын, күміс және қола медальдарымен марапатталды. Абзал Бекежанға диплом және медальмен қатар Қазақстан-Британ техникалық университетінің гранты табысталды.
– Мен информатикадан қола медаль жеңіп алдым. Жалпы, олимпиада қиын болған жоқ, бірақ мен өзім күткеннен сәл аздау ұпай жинадым. Соңғы төрт жылда олимпиадаларға қатысамын. Сондай-ақ маған ҚБТУ гранты берілді. Мен мұны күтпеген едім, – дейді Абзал Бекежан.
Бірінші сәуірден бастап Республикалық пәндік олимпиаданың қоғамдық-гуманитарлық бағыты басталды. Бұл бағытта оқушылар орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті, Қазақстан тарихы, құқықтану негіздері, ағылшын, неміс және француз тілдерінен бақ сынайды. Өңіріміздің оқушылары бұл бағыт қорытындысында да жүлделі орындарға ие болады деген сенімдеміз.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,«QH»