Қарағандылық Данил Мұсабаев олимпиадалық лицензия жеңіп алды

Қарағандылық Данил Мұсабаев биыл Парижде өтетін Олимпиада ойындарында өнер көрсетеді. Батуттағы гимнаст Котбуста (Германия) Әлем кубогы кезеңінде өнер көрсету қорытындысында лицензия жеңіп алды. Бұл туралы Қарағанды облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы хабарлады.

«Париждегі төртжылдықтың басты жарыстарына 16 ер батутшы және сонша әйел қатысады. Халықаралық гимнастика федерациясы олимпиадалық лицензияларды жеңіп алған елдердің тізімін жариялады. Олардың арасында Данил Мұсабаевтың Әлем кубогы кезеңдеріндегі тамаша өнер көрсетуінің арқасында Қазақстан спортшылары да бар», – делінген Қарағанды облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы таратқан ақпаратта.

Данил Мұсабаев мансабында алғаш рет Жазғы Олимпиада ойындарына қатысады. Бұл – Қазақстан ұлттық құрамасының батут гимнастикасындағы алғашқы лицензиясы.

– Лицензия елге беріледі. Бірақ оны Мұсабаев жаулап алғаны сөзсіз. Данил Париж Олимпиадасында өнер көрсетеді, – деді Қазақстанның бас жаттықтырушысы және батут гимнастикасынан спортшының жеке тәлімгері Сергей Вертянкин.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ, «QH»