Оқулық таңдау жүйесі автоматтандырылды

 

Енді мұғалімдер сабақ ұйымдастырудың ерекшеліктеріне қарай өздеріне ұнайтын оқулықты ETANDAU.GOV.KZ платформасы арқылы таңдай алады. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Баспасөз қызметі хабарлады.

Қазіргі таңда электронды платформа Астана және Алматы қалаларының, сондай-ақ Қостанай облысының бірқатар мектебінде апробациядан өткен.

– ETANDAU.GOV.KZ – оқулық таңдаудың мұғалімдерге арналған ашық жүйесі. Апробация кезінде оның функционалдығы және жұмысты оңтайландыру мүмкіндіктері расталды. Педагогтер оқу процесінің ерекшеліктері мен ұйымдастырылуын ескере отырып өздеріне ұнайтын оқулықты таңдай алады, – деп атап өтті Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының директоры Назира Абдрахманова.

Қазір мұғалімдер платформаны пайдалану жөнінде курстан өтуде. Айта кетейік, бұл бастама білім беру сапасы мен тиімділігін арттыруға тағы бір қадам болмақ.

Еске салайық, бұған дейін министрлік мектеп оқулықтары жарыққа шықпай тұрып қоғамдық талқылауға шығарылатынын хабарлаған болатын.

Министрлік мәліметтеріне сай, ақпанның 12-сінен бастап жаңадан әзірленген оқулықтар мазмұны қоғамдық талқылауда. Талқылау talkylau.ebmso.edu.kz сайтында жүреді. Онда оқулықтар мазмұнының сапасы, құрылымы, әдістемелік тәсілдері, баяндау тілі мен безендірілуіне қатысты қоғам мен ғылыми-педагогикалық қауымдастық өкілдері сын-пікір білдіре алады.

Қоғамдық талқылауға ғылыми-педагогикалық қоғам өкілдері, әдіскерлер, ғалымдармен қатар барлық қазақстандық қатыса береді. Ол үшін азаматтар веб-порталда тіркелуі керек. Содан кейін оқулықтардың макеттерімен танысып, кітапқа қатысты «Түсініктеме қосу» тетігі арқылы оқулықтардың мазмұны мен құрылымына қатысты сын-пікір, ұсыныс пен ескерту жаза алады.