«QH» ЖАС КӘСІПКЕР – ГРАНТ ҮМІТКЕРІ
Облыста жастар кәсіпкерлігін дамыту аясында биыл мемлекеттен 180-ге жуық грант бөлінді. Жыл басынан бері соның шамамен 119-ы игеріліп, жас кәсіпкерлер бизнестерін бастап кетті.
Сәуле Ақылбек – осы грант игілігін көргендердің бірі. Осыдан 2 жыл бұрын жеке ісін ашқан. Қазір екі цехтың ісін дөңгелетіп отыр. Ол мемлекеттің қайтарымсыз грантына ғана емес, сонымен қатар облыс әкімінің гранттарына да ие болған. Сол арқылы тігін цехтарының жұмысын жолға қойыпты. Онда асүй текстиліне арналған 16 түрлі өнім шығады. Қазіргі таңда шетелдерден де тапсырыс қабылдап жатқан көрінеді.
– Мемлекеттік екі грант иегерімін. Осы грант арқылы өзіме тігін цехын аштым. Бастапқыда оны асүй текстиліне қатысты ашқан болатынмын. Екі гранттың да барлық сомасын тікелей осы жобаларыма қажет құрал-жабдыққа жұмсадым. Қазір жұмыс жақсы жүріп жатыр. Болашақта әлі де кәсіпті кеңейтіп, дамыта түсу ойда бар, – дейді кәсіпкер Сәуле Ақылбек.
Елімізде жастар үшін жасалатын жобалар саны көбейіп келеді. Былтырғы статистикаға қарағанда, өңірде 95 300 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Оның 15 560-ы – 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкер. Жастар жобаларының ең көбі саудада (5 531), қызмет көрсету саласында (3 331), ауылшаруашылығында (1 438), өнеркәсіпте (921) жүзеге асырылды. Жастар кәсіпкерлігін дамыту мен қолдауға гранттар жыл сайын бөлінеді. Оған 18 бен 35 жас аралығындағы азаматтар өтініш бере алады.
– Былтырдан бастап грант көлемі ұлғайтылды. Енді қаржы көлемі 1 миллион емес, 2 миллион. Мұны кәсіп бастап жатқандар үшін тамаша мүмкіндік деп ойлаймын. Жастар арасында да жобаға ұсыныс білдірушілер саны артып келеді. Қазір елімізде жастар кәсібі үшін барлық жағдай жасалып жатыр десе де болады. Тек осы мүмкіндікті пайдалану ғана қалды, – дейді Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Ұлан Омаров.
Кәсіп бастаймын деушілер 2 млн тг көлеміндегі облыс әкімдігі грантына құжат тапсыра алады. Сондай қаражатқа ие болғанның бірі – Әділ Хамит. Ол – «NEO» компаниясының құрылтайшысы. 2021 жылдан бері білім беру саласында бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеумен айналысып келеді. Биыл олар қазақ тілін оқуға мүмкіндік беретін қосымшаны VR виртуалды шындық көзілдірігіне енгізді. 2 гигабайттық қосымшасы бар құрылғыны пайдаланған студенттер кейіпкерлері бар виртуалды ортаға кіреді. Онда олар қазақ, орыс, қытай, ағылшын, француз және испан тілдерін еркін түрде меңгере алады.
– Бұл жасанды интеллект цифрлық мұғалім ретінде жұмыс істейді. Оқушыларға виртуалды әлем ішінде сабақ түсіндіреді. Оқушы түсінбеген сұрақтарын қойып, жауап ала алады. Арнайы сабақ жоспары енгізілген. Бір тиімділігі – мұндағы мұғалімдердің тіл білу деңгейі осы тілде сөйлейтіндермен бірдей. Яғни ешқандай акцентсіз және қатесіз. Виртуалды мұғалім кез келген ақпаратқа қол жеткізе алады. Яғни тақырыпты барынша ашып түсіндіруге оның біліктілігі жетеді, – дейді кәсіпкер Әділ Хамит.
Болашақ кәсіп бастаушы азаматтарға қайтарымсыз гранттар санын арттыру мақсатында Жастар cаясаты мәселелері жөніндегі басқарма түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.