Облыстық бәйге ұйымдастырылды
Қарқаралы ауданына қарасты Егіндібұлақ ауылында биыл алғаш рет «Алтын Тай – 2023» облыстық бәйге ұйымдастырылды. Шабандоздар 20 шақырымдық аламан бәйгеде, 9 шақырымдық құнан бәйгеде және 6 шақырымдық тай жарыста сынға түсті. Бас жүлде – автокөлік.
Дүбірлі додада Шет ауданынан келген жүйрік бас жүлде иеленіп жеңімпаз атанды. Жарысқа облысымыздың барлық қаласы мен аудандарынан 70 тұлпар қосылды. Оның ішінде қырық жүйрік тай жарыста бақ сынады. Бәйгені Қарағанды облысының Бәйге федерациясы ұйымдастырған.
– Бәйгеге біздің өңірден келген жылқылар ғана қосылды, басқа облыстардан және елдерден әкелінген жылқы болған жоқ. Жобаның мақсаты – жергілікті асыл тұқымды жылқыларды жарысқа шығару және олардан жақсы нәтиже алу. Біздің федерация осындай жарыстардың жыл сайын өткізіліп, дамуы үшін жұмыс істейтін болады, – дейді Қарағанды облысы Бәйге федерациясының президенті Асылназ Жұмашев.
Шет ауданының сәйгүліктері біріншіден алтыншыға дейінгі орындарға ие болды. Олар жарыстың үздік тұлпары атанды. «Алтын Тай» атағына Жезкиік атты тұлпар ие болды. Иесі – Талғат Қабди.