Демеуші іздеген жерлесіміз ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ
Осыдан бір ай бұрын әлеуметтік желіде жарысқа баруға жағдайы келіспей, көптен көмек сұраған теміртаулық спортшының видеосы тараған еді. Жас жігіттің жаттықтырушысы шәкіртінің жолын ашу мақсатында демеуші іздеп шарқ ұрды. Межелі уақытта қажет қаражат жиналды да. Ал ел үмітін арқалап шетелге аттанған жерлесіміз намысты қолдан бермей, елге жеңіспен оралды.
Панкратионнан Әлем чемпионаты Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласында өтті. Оған әлемнің әр қырынан бес жүзге жуық спортшы жиналған. Ел намысын қорғайды деп іріктелген 65 қазақстандықтың бірі – теміртаулық Жәнібек Сұлтанбеков. Әйтсе де оның осы бір дүбірлі додаға қатысар-қатыспасы соңғы сәтке дейін шешілмей келді. Өйткені жарысқа баруға қаражат таппай қиналған.
– Барлық спорт түрі бірдей қаржыландырылмайды. Жарыстың барлығына бару мүмкін емес. Кейде спортшылар өз қаражатына баратын кездер болады. Кей кездерде ата-аналар өздері көмектеседі. Олар да түсіністік танытады. Дегенмен ең өкініштісі – спортшылардың демеуші іздейтіні. Менің ойымша, спортқа көп көңіл бөлу керек. Себебі көптеген жасөспірім өмірін спортқа арнап, биік белестерден көрінгісі келеді. Көк туымызды көкте желбіретіп, Қазақстанды әлемге танытатын да – спортшыларымыз! Сондықтан болам деген баланың бетін қақпай, белін буу керек, – дейді жаттықтырушы Ерлік Елеубеков.
Жаттықтырушының еңбегі еш кетпеді. Әлеуметтік желінің әлеуеті спортшыға қажет қаражат табуға, демеуші тартуға мүмкіндік берді. Осылайша Жәнібек Сұлтанбеков Қазақстан құрамасымен бірге жарысқа аттанған еді. Үш күнге созылған додада қазақстандықтар рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, жалпы есепте 41 медаль еншіледі. Осылайша жалпыкомандалық көрсеткіште бірінші орыннан көрінген еді. Жерлесіміз әлемдік додаға алғаш рет қатысып отыр екен. Әлі тәжірибесі аз. Содан да болар, қола алқаны қанағат тұтқан.
– Әрине, алтыннан алқа тағынуға мүмкіндік болды. Дегенмен белгілі бір қателіктердің кесірінен үшінші орынды қанағат тұттым. Басында 15 күндік жиын өтті. Онда Қазақстанның барлық спортшысы жиналып іріктелді. Сосын ғана Өзбекстан Республикасындағы Әлем чемпионатына бардым. Жарыста жалпы 4 кездесу өткізіп, екі қарсыласымды жеңген болатынмын. Қола жүлде де – жеңіс. Дегенмен жетістігіме көңілім толмайды. Алда көбірек жаттығып, барымды салуым керек. Жаттықтырушымен бірге қателіктерімді түзеп, жұмыс жасап жатырмыз. Арманым – көк туымызды көкте желбірету. Ол үшін талмай еңбек етуім керек, – дейді спортшы.
Жас жігіттің аталмыш спорт түрімен айналысып жүргеніне екі жылдан астам уақыт болған. Осы арада спорт шебері атағын да алып үлгеріпті. Енді қаржыландыру болса, Жәнібек алда өтетін панкратионнан да, жекпе-жектен де ел чемпионатына қатысуға ниетті. Жеңіс тұғырынан көрінсе, келесі Әлем чемпионатында бағын сынамақ.
– Бізде әлемдік деңгейде өнер көрсете алатын спортшы көп. Негізгі спорт түрі жекпе-жек болғанымен, жігіттер жауынгерлік самбодан, аралас жекпе-жектен, панкратион мен грэпплингіден өнер көрсете береді. Әрбір бапкердің мақсаты – спортшыларын жоғарғы деңгейге көтеру, жарыстан тек жүлдемен оралу. Бүгінде қола медаль болса, келесіде алтын үшін барамыз, – дейді Ерлік Елеубеков.
Екі жылдық еңбек өтілі бар білікті бапкер Ерлік Елеубеков бүгінде екі жүзден астам шәкірт тәрбиелеп отыр. Жаттықтырушының басты арманы – спортшыларының ел намысын жібермей, тек жеңіс тұғырынан көрінуі. Спорт арқылы темірдей тәртіпке үйретіп, өз балаларындай биік белестерге жетелеу.
Арман ӘБІЛҚАСЫМОВ