Грант – жастарға берілген жақсы мүмкіндік
Жастардың бойында тау қопарарлық энергия және дүниені өзгертуге жетерлік идея бар. Бірақ соны дұрыс бағытта қолдануға көп жағдайда қаржының жоғы қолбайлау болып жататыны шын. Бұл ретте облыс әкімінің жастар кәсіпкерлігін дамыту және қолдау бағытында бөлінетін гранттары айтарлықтай жеңілдік беретінін атап өткен жөн. Мәселен, осы гранттың иегері атанған Қарағанды медицина университетінің 4-курс студенті Гүлмира Төрежанова алғашқы медициналық көмек кезінде қалай дұрыс әрекет ету керегін көрсететін чек-парақ әзірлеп, DAMU_MED курстарын оқытып жүр.
– Менің медицинаны таңдауымның бір себебі жақын адамымның сырқаты болды. Біздің отбасымызда церебралды сал ауруы бар бала дүниеге келді. Мен ініме көмектескім келді. Алдымен медициналық колледжді бітіріп, ауруханада жұмыс істедім. Содан кейін медуниверситетке түстім, – дейді Гүлмира.
Облыс әкімінің жастар кәсіпкерлігін дамытуға және қолдауға арналған гранты туралы бойжеткен Жастар саясаты мәселелері басқармасының Instagram-ынан білген.
– Мен ауруханада жұмыс істеген кезде алғашқы медициналық көмек дұрыс көрсетілмеген науқастарды әкеліп жатқанын жиі көретінмін. Содан кейін қарапайым тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсетудің негіздерін үйретпек боп шештім. Грант туралы біліп, бизнес-жоспар құрып, оны конкурсқа ұсындым. Өз жобамды қорғап, екі миллион теңге алдым. Ақша жабдыққа, үй-жай жалдауға және жиһаз сатып алуға жұмсалды, – дейді бойжеткен.
Орталық ашылғанға дейін де Гүлмира курстасымен бірге Instagram парақшасын жүргізген, онда студенттерге медициналық пәндер жөнінде онлайн курстар өткізді. Қазір Гүлмирамен бірге үш әріптесі жұмыс істейді.
– Біздің курстар ақылы, бірақ қолжетімді. Бізде үш күндік курс бар, күніне төрт сағат. Біріншіден, теория, содан кейін іс жүзінде манекендерде манипуляциялар жасаймыз. Біздің курстар арқылы үйде инъекция жасауды үйренесіз. Біз суға бату, тұншығу, үсік шалу, шок т.б. жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйретеміз. Ашылғанымызға екі айға жуық уақыт өтті. Осы уақыт ішінде төрт ағын болды, әрқайсысында он адамға дейін қамтылды. Бізде оқушылар, студенттер, жас аналар, орта жастағы және егде адамдар оқиды, – деп бөлісті Гүлмира Төрежанова.
Бойжеткеннің айтуынша, Қазақстанның басқа қалаларының тұрғындары да осы орталықта білім алғысы келеді екен.
– Бізге басқа қалалардан да қоңырау түседі, олар да біздің курстардан өтуді қалайды. Ол үшін біз телеграм-чатта бейнесабақ жүргіземіз. Жоба өзін ақтайды. Мен адамдарға пайдалы білім беруді жалғастырғым келеді, басқа қалаларда да орталықтарымды ашсам деймін. Гранттар – жастар үшін тамаша мүмкіндік, ең бастысы – қорықпау, – деп есептейді Гүлмира.
Курстар аяқталғаннан кейін, сертификат беріледі.
Оқу орталығында медицина колледжі мен медицина университетінің студенттеріне арналған семинарлар мен тренингілер өткізіледі. Әр түрлі саладағы тәжірибелі дәрігерлерді тәжірибесі мен білімін студенттермен бөлісуге шақыру жоспарда бар.
Оқу орталығының жұмысымен @damu_med Instagram парақшасында танысуға болады.