МӘМС-тен мән қашты
Қазақстандықтар «медициналық сақтандырудың игілігін жұрт тиісінше көріп жатқан жоқ» деп наразы. Қызмет құнын жалақысынан жырып беріп отырған тұтынушы бұл жүйенің жұмысы толық жетілмеген, артықшылығынан кемшілігі көп деген пайымда. Мемлекеттік емханаға қаралмайтын азаматтар арасында сақтандыруға аударған ақшаларын қайтарып беруді сұрап жатқандар да жетерлік. Ел тұрғындарының бұл уәжі қаншалықты орынды, заң шеңберінде ем алған уақыттары үшін аударылған жарнасын кері алу қаншалықты мүмкін? Іске қосылғалы сыннан көз ашпаған жүйенің тиімділігі неде? Бұл сауалдарға қатысты халық қалаулылары да өз ұстанымдарын білдірген болатын.
Медициналық әлеуметтік сақтандыру жұмысын сапалы санамайтындар «бұл жүйедегі жұмыстың жөнсіздігі – сол: қажет дәрігер қарауына бірден баруың мұң» дейді. МӘМС есебіне ай сайын мыңдап ақша аударатындардың көбісі басы ауырып, балтыры сыздағанда сол ақшаның шарапатын сезіне алмайды. Салдарынан екі рет шығындалып, жекеменшік емханада емделуге мәжбүр болады. Көп дәрігерге өту үшін алдымен терапевтің кабинетін түгендеп кетуің керек. Ал сол терапевтің өзіне жазылмай түсу мүмкін емес. Ауру алқымнан алғанда айлап терапевтің қабылдауын күтіп тұру мүмкін емес. Оған сәтімен жазыла қойдың деген күннің өзінде ол жолдама берген басқа маманға жазылуды тағы күтесің. «Дамумед» деп дандайсытқан қосымшаның дамымай тұрған тетігі көп. Денсаулыққа келгенде діңкелеп жүрген көпшіліктің медициналық жүйеге қатысты шағымы мынада. Мәселен, салымшы сақтандыруды 3 жыл бойы төлеп, алайда ол уақыт аралығында емхана қызметіне мұқтаждық болмағаннан жүгінбесе, бірақ одан кейін тұрақты жұмысынан айырылып қалса, медсақтандыру жарнасы да тоқтайды. Сәйкесінше дәрігер көмегіне жүгіне алмайды. Бір сөзбен айтқанда, ақысын төлеп, қызмет ала алмайды. Сонда ақша жоқтың басы ауырмасын, денсаулығы сыр бермесін дегенге саятындай.
«Халықтың айтқанында қате жоқ» деген «Әділдік жолы» ҚБ ҚОФ жетекшісі Рустам Танишпеков бұл мәселені былай деп топшылады:
– Меніңше, бұл – қосымша ақша жинау. Егер сақтандыру фирмаларында денсаулықты сақтандыру немесе өмірді сақтандыру деген болса, әрине, мен екіншісін таңдар едім. МӘМС жүйесінде, меніңше, ашықтық әлі де жоқ. Сыбайлас жемқорлық болуы да ықтимал. Мысалы, қандай да бір шикілікті анықтасаң, бірден «мемлекеттік тапсырыс аясында орындалған жұмыстарға бөлінген қаржы» деген сияқты түрлі сылтау айтып шығады. Сол себепті бұл жүйеге де мен күмәнмен қараймын.
Қазақстандықтар бұл мәселені үкімет қараса дейді. Өйткені тегін медициналық көмекке жарымай жүргендеріне наразы. Ел азаматтары «ай сайынғы төлем ақысы жиналып отырса, оны сырқаттанған жағдайда пайдалануға болатындай етіп реттесе» дейді. Иә болмаса медициналық көмек алмаса, ақшаны кері қайтаруды дұрыс деп есептейді. Алайда жауаптылар мұнымен келіспейді. «Тұрғындардың бұл уәжі орындалса, халық денсаулығы нашарлайды» дегенді айтып отыр. «Науқастар қанша жерден ауырып тұрса да, ақшаларын қайтарып алу үшін емханаға жүгінуді доғаратын болады» деген болжам айтуда. ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният «денсаулыққа жұмсалмаған аударымымыздың 50 пайызын кері қайтарыңдар» деген көптің бұл өтініші жөнсіз деген пікірде.
– Ақша қайтарылмайды. Мәселен, биыл жарна төлеген азамат ауырып-сырқамаса, онда жылына орта есеппен түсетін 100 мың теңгенің 50 мың теңгесін оған қайтару қарастырылмаған. Себебі келесі жылы оған 1 млн теңгенің медициналық көмегі керек болатын шығар… Бұл көмек барлығына бірдей қолжетімді болуы үшін, қаражат қайтарылмайды. Мысалы, коронарографияны, миокард инфарктісі кезіндегі жіті коронарлық синдром дертін алайық, бұл дертті емдеу құны 1,2-1,5 миллон теңгенің айналасында. Ал ол сырқаттан емдеу – заң шеңберінде жүзеге асып жатқан жүйелі жұмыс нәтижесі. Яғни жүйе бұрыннан «дені сау адамдар науқастар үшін, байлар кедейлер үшін төлейтін ынтымақты жүйе» ретінде құрылған. Екінің бірі қаржысын шешіп ала берсе, келіп жатқан қаражат барлық халықтың керегіне немесе барлық медициналық көмекке жетпеуі мүмкін. Кей елде қайсыбір әлеуметтік жүйе жүздеген жыл қызмет етсе де, кемшін тұсы табылып жатады. Бірақ бұл – жүйе жұмысын тоқтатумен шешілмейді.
Қысқасын айтқанда, Денсаулық сақтау министрлігі де МӘМС жүйесі әлі толық жетілмегенін жоққа шығармайды. Дегенмен бас дәрігер Ажар Ғиният сақтандырудың арқасында медициналық көмек қолжетімді бола түсті деп санайды. Тіпті соңғы 3 жыл ішінде қазақстандықтардың денсаулығы жақсарып, тек бір жылдың ішінде өмір сүру ұзақтығы 4 жылға өсті деген мәлімет келтірді.
Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,
«QH»