Жылу сапасы қайтсе жақсарады?
Қарағанды қаласында жылу беру сапасы жақсаруы тиіс. Ол үшін қаланы жылумен қамтып отырған ЖЭО-3 магистралі қайта жаңартылады. Сонымен қатар үшінші жылу құбырының құрылысы жалғасуда. Бұл – жаңа шағынаудандардағы жылу тапшылығы мәселесін шешуге көмектеседі.
Облыс әкімі Ермағамбет Бөлекбаев облыс орталығын аралау кезінде жылумен жабдықтауды жақсарту үшін қандай жұмыс атқарылып жатқанын тексерді.
Бірінші нүкте ЖЭО-3 жанындағы жылу магистралінің учаскесі болды.
– Жылыту маусымында мұнда тұтынушыларды жылумен жабдықтау сапасына әсер ететін бірнеше ақау болды. Биыл бюджеттен бірінші учаскеге қаражат бөлінді. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Құбырдың диаметрі жылу көбірек өтуі үшін кеңейтіледі, – деді Қарағанды қаласының Коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Рүстем Қожақапанов.
Оның айтуынша, қазір мердігер таңдау конкурсы жүріп жатыр. Осыдан кейін олар бірден жұмысқа кіріседі.
Сондай-ақ Қарағандыда кезең-кезеңімен М10 жылу магистралі қайта жаңартылады. Бұл Оңтүстік-Шығыс тұтынушыларына сапалы және үздіксіз жылу береді және жаңа ғимараттар қосу үшін резерв болмақ.
Сонымен қатар Пришахтинск жылу желілері жаңғыртылуда.
Сондай-ақ Ермағамбет Бөлекбаевқа ұзындығы 22 шақырымды құрайтын үшінші жылу құбырының құрылысы туралы баяндалды. Бүгінгі таңда шамамен қос жолақты 14 км құбыр төселіп, төрт сорғы станциясының қаңқасы тұрғызылды.
«НС Система» ЖШС бас инженері Сергей Фриктің айтуынша, жұмыстар кесте бойынша жүргізілуде, алты дәнекерлеу бригадасы мен 52 арнайы техника жұмылдырылды.
Осы жылы сорғы станциялары мен оларды өзара байланыстыратын құбырлардың құрылысын аяқтау жоспарлануда. Құбыр төсеу жалғасады.
– Бұл – өте маңызды жоба. Жаңа ғимараттарды жылуға қосу үшін болашақта қор қамтамасыз ету қажет. Ең бастысы – жұмыстың сапасы, сондықтан бақылау тұрақты болады, – деп атап өтті Ермағамбет Бөлекбаев.
Қалада сонымен қатар магистральдық құбырлар вандализмнен сақтау үшін жергілікті материалмен оқшаулануда. Осы арқылы қазірдің өзінде жылу шығыны азайып отыр. Облыс әкіміне биыл жоспарланған 76,2 шақырым толығымен аяқталатыны мәлімденді.
Өңір басшысы орамішілік желілерді оқшаулаумен айналысуды тапсырды.