«Тілдарын» анықталды
Қарағандыда Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен үш тіл (қазақ, орыс және ағылшын) меңгерген жастар арасындағы облыстық «Тілдарын» байқауының қорытындысы шығарылды. Бірінші орынды Ә.Молдағұлова атындағы олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің тарих пәні мұғалімі Ерболат Нұрманғалиев иеленді.
Байқауға Нұра, Осакаровка, Шет аудандарынан, сондай-ақ Қарағанды, Балқаш, Саран және Шахтинск қалаларынан 15-30 жас аралығындағы жастар (оқушылар, студенттер, мұғалімдер) қатысты.
– Байқау облыстық деңгейде дәстүрлі түрде 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Оның жеңімпаздары республикада да жүлделі орындарға ие болды. Байқау үш кезеңнен тұрды, олар: «Сөзтаным», «Ойтаным», «Елтаным», – деді ұйымдастырушылар.
Қазылар алқасы үш тіл меңгеру деңгейін, әр кезеңдегі жауаптардың мазмұны мен ерекшелігін, орфоэпиялық нормаларға сәйкес сөйлеу қабілетін бағалады.
Бірінші орынды Ә.Молдағұлова атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің тарих пәні мұғалімі Ерболат Нұрманғалиев иеленді.
– Сұрақтардың басым бөлігі тарихпен байланысты болды. Жалпы, байқау өте қызықты және жақсы ұйымдастырылған. Үш тіл меңгерген жастар өз білімдерін көрсетті. Мұндай конкурстарды мүмкіндігінше көп өткізсе жақсы болар еді, – дейді Ерболат Нұрманғалиев.
Екінші орынды Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының курсанты Нүрила Қараманова иеленді. Үздік үштікті Ә.Бөкейхан атындағы ОМ (Қарағанды) 11-сынып оқушысы Айдана Саянқызы түйіндеді.
Жүлдегерлер дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды. Барлық қатысушы алғысхат алды.