Үкімет жұмысы жаңаруы тиіс
Кеше елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өтті. Жиын барысында әлеуметті алаңдатқан өзекті мәселелер көтеріліп, өкілетті органдарға тиісті тапсырмалар берілді. Атап айтқанда: үкімет жұмысының ескі тәртіпті түбегейлі жойып, жаңа бағытта үйлестірілуі, табиғи байлыққа ғана иек артып отыра бермей, экономиканың жаңа салаларын игеру, болашаққа қам жасау және елдің ішкі мәселелерін реттеу. Толығырақ тарқатсақ.
Елдегі ауқымды реформаларды жүзеге асыру барысындағы олқылықтарға тоқталған Президент жұмыс сапасына көңілі толмайтынын жеткізді. Өйткені арада біршама уақыт өтсе де, әлі күнге ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже байқалмайды. Мемлекет басшысы мұның себебін мемлекеттік қызметшілер мен басшылардың өз жұмысына селқос қарайтынынан және белсенді болмауынан көрді.
– Олар жұмысты сапалы орындауға емес, тапсырманы дер кезінде бақылауға алуға баса мән береді. Соның зардабын бәріміз тартып отырмыз. Жария етілген көптеген реформа әлі де баяу жүріп жатыр. Оны мойындауымыз керек. Сондықтан үкімет ескі жұмыс тәсілін түбірімен жою үшін ерік-жігер танытуға тиіс, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы үкіметке қаржының жұмсалуын бақылайтын қатаң амал-тәсілдер енгізуді тапсырды. Яғни тарифті өсіруден түскен қосымша қаржы тек қана коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға жұмсалуы керек. Сондай-ақ жаңа қуат көздерін іске қосуға және жұмысшылар жалақысын көтеруге бағытталуы қажет.
– Монополистердің міндеттері мұқият нақтыланып, толығымен орындалуға тиіс. Сондықтан үкіметке қаржының жұмсалуын бақылайтын қатаң амал-тәсілдер енгізуді тапсырамын. Оған цифрлық бақылау жүйесін де енгізу керек. Жұрт коммуналдық қызмет үшін төлеген ақшасы қайда кетіп жатқанын көріп отыруға тиіс. Қазіргі заманғы ақпараттық технология бұған толық мүмкіндік береді, – деді Президент.
Сондай-ақ Президент барлық қаражат толығымен экономиканы дамытуға жұмсалуы қажет екенін атап өтті. Осы орайда ол қаржыны қайтарып, елімізді өркендетуге атсалысқысы келетін азаматтарға қарата:
– Жаңа индустриялық жобаларға қаржы салыңыздар. Қазақстанда жаңа өндірістер ашып, жаңа жұмыс орындарын құрыңыздар. Сонда мұндай активтерге және оның иелеріне қатысты ешқандай мәселе туындамайды. Тағы да қайталап айтамын. Біз адал әрі ашық жұмыс істейтін бизнес өкілдеріне барлық жағдайды жасаймыз, – деді.
Бұл ретте Мемлекет басшысы елдегі алпауыт кәсіпкерлерді әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысуға шақырды. Қазақстанда табыс тауып, оны шетелде жұмсау әдетінен арылу керегін айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлы кәсіпкерлер тапқан табысын ел экономикасына салуы қажеттігін атап өтті.
– Ірі кәсіпкерлер Қазақстанда тапқан табысын басқа жақта емес, өз еліміздегі бизнесін дамытуға жұмсағаны абзал. Жұмысын осы талапқа бейімдей алған ірі кәсіпкерлер нағыз ұлттық бизнес-элитаға айналады. Халықтың құрметіне бөленіп, мемлекеттің қорғауы мен қолдауына ие болады.
Сонымен қатар бізге «кәсіпкерлердің жаңа толқыны» керек. Мемлекет ресурсына арқа сүйемей, бойындағы дарыны мен іскерлігі арқылы тұрақты әрі мықты кәсіп құра білген «тың күштер» қажет, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыру ісінде атқарылып жатқан істің аз екенін айтып үкімет жұмысын сынға алды. Оның айтуынша, елдің табиғи байлығы орнықты дамудың негізі бола алмайды.
– Қазақстан мұнай және газ өндіруші ел ретінде жаңа геоэкономикалық жағдайға бейімделуі керек. Экономиканы әртараптандыру – уақыт талабы әрі стратегиялық міндет. Біз бұл туралы үнемі айтып жүрміз. Бірақ ісімізден сөзіміз көп болып тұр. Дереу іске көшпесек, әлемдік бәсекеде озық бола алмаймыз, яғни әлем экономикасында көш соңында қалуымызға тура келеді. Жаңа ғана еліміздің даму барысы туралы үкіметтің есебін тыңдадық, – деді Президент.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«QH»