Сақтық шаралары сақталуы керек

Жаңаөзен қаласында жарылыс болып, бірнеше адам қаза тапты. Екі қабатты үйдің бір кіреберісі тұтас қирап, қаншама адам үйінді астында қалып қойған. Осыған орай қала әкімі Мейрам Кожухов тұрғындарға үндеу жолдап, сақтық шараларын қатаң сақтауды сұрады.

Мұндай қайғылы жағдайлар қаламызда да тіркелген еді. Наурыз айында Щорс көшесінде газ баллоны жарылды. Сол кезде қала әкімі тұрғындарды газ баллондарын пайдаланбауға шақырған-ды. Әкім әлі де сол пікірін өзгертпегенін жеткізді.

«Мен пікірімді өзгертпеймін, айтқан сөзімде қаламын және барлық тұрғынды ақылға шақырамын. Балаларыңыздың, туыстарыңыздың және жақындарыңыздың өміріне қауіп төндірмеңіздер! Біреуді жерлегеннен гөрі электр қуаты үшін артық ақша төлеген жақсы! Кей тұрғын маған «барлығы электр плитасын қолдана бастаса, сымдар шыдамайтынын» жазды. Олай болса ауыстырыңыздар! Біз күнделікті киетін аяқкиім мен киімімізді жаңартып отырамыз емес пе? Егер ыдыс-аяқ сынса, оның да жаңасын сатып алмаймыз ба? Ендеше неліктен өз үйімізде электр сымдарын ретке келтірмеске?!» – деп жазды қала әкімі.

Сондай-ақ Мейрам Кожухов қалада тұрғындар қауіпсіздігі үшін мобильді топ жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Топ құрамына Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің, аудан әкімдіктерінің және Қарағанды қаласының ТЖБ мамандары кірген. Алдағы уақытта учаскелік полиция инспекторын да қосу жоспарланған. Тексеру барысында газ баллондарын қолдану тәртібін бұзған азаматтарға айыппұл салу көзделеді. Қазіргі белгіленген тәртіп бойынша, қос қабатты үйден басқа биік үйлерде газ баллондарын қолдануға тыйым салынған. Көршілерінің бұл тыйымды елемей жүргенін көрген қарағандылықтар полицияға немесе құтқару қызметіне хабарлай алады.

 Арман ӘБІЛҚАСЫМ,

«QH»