Ел қорғандарын тәрбиелеген кейуана
Ұлты неміс болса да, жастайынан Қазақ елінің қуанышына да, жұбанышына да ортақтасқан апамыз Спасск оқу-жаттығу полигонына қарайтын қалашықта тұрып жатыр. Қаршадай жасынан сұрапыл соғысты көріп, тағдырдың қиын кезеңдерін басынан өткерген ақ жаулықты ана тоқсанның төріне келсе де, Разия Асанова – сеніміне селкеу түсірмей келе жатқан өнегелі жан.
«Бейнеттің зейнеті бар» дегендей, әр сынақтың артында бір жақсылық тұрады. Бүгінгі бейбіт күнде, бейбіт елде бостандықта бейқам өмір сүріп жүрудің өзі бір ғанибет емес пе? Разия апамыз – шынында да, құрметке лайық жан. Эльза Петровна, қазақылап қойған есімі – Разия Асанова, Екінші дүниежүзілік соғыста туған жерінен кетуге мәжбүр болған жандардың қатарынан. Небәрі бес жасында Германиядан Қазақстанға жер аударылған бүлдіршін ата-анасынан айырылып, өзіне беймәлім жерде жаңа өмірін бастайды. Петропавл қаласында бір жыл ем алып, сол жердегі мейірбикемен бірге Қарағанды қаласындағы балалар үйіне келеді. Жат жерде өзін жоғалтып алмас үшін сол елге бейімделу керек екенін түсінген Эльза қазақ тілін небәрі 3 аптада үйреніп алған көрінеді. Жастайынан еңбекке құштар, кез келген істі дөңгелетіп әкететін жас қыздың жігері кімді де болсын таңдай қақтырары анық. Ширақ жанды кімнің де болсын ұнатары анық, осылайша Эльза апамыз да 19 жасында Төлеу атты азаматқа тұрмысқа шығады. Көкмөлдір жеріне келін болып түскен соң ислам дінін қабылдап, атасының атына өтеді. Разия Асанова ретінде жаңа өмірін бастаған жас қыз отбасын құрып, 5 бала табады. Өкінішке қарай, жолдасы жеті жыл өткен соң 36 жасында қайтыс болады. «Тірі адам тіршілігін жасайды» демекші, Разия апамыз болған жайтқа мойымай, керісінше, бүлдіршіндерін жеткізудің жолын іздейді. Және ол қолынан келді деп толықтай айтуға болады. Қазір балалары аяқтанған, бір-бір маман иесі. Апамыздың бүгінде сегіз немересі, он сегіз шөбересі бар. Жолдасы майдан даласында ерлік көрсетсе, қос ұлы – әке жолын жалғаған әскери қызметкер. «Әскери қалашықта ардақты әже барша құрметке лайық» дейді мұндағылар. Наурыз мейрамы қарсаңында 90 жасқа толған Разия Асанованы «Астана» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметкерлері туған күнімен құттықтауға арнайы келген. Ақ тілегін жаудырып, құттықтауға асыққандардың бірі – 36352 әскери бөлім командирінің міндетін уақытша атқарушы подполковник Талғат Досов.
– Біз бұл кісінің қуанышымен ортақтасуға келдік. Эльза Петровнаға өмірдің мол қызығын тілейміз. Өмір бойы еңбек етіп, кәрілікке бой алдырмаған апамыздың немересі, сержант Жәнібек Асанов – 36352 әскери бөлімінде бөлімше командирі, мақтауға тұрарлық азамат. Өнегелі өмірі – бүгінгі ұрпаққа өнеге, ғасырға жуық ғұмыры бар қазыналы апамыздың қасымызда жүргені көңіл қуантады. Эльза анамызға деген құрмет пен қамқорлық тек мейрамда ғана емес, үнемі көрсетілуі тиіс, – деді подполковник Талғат Досов.
Өз тілшімізден