Мемлекеттік қызмет сапасы – заң талабы
Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы – мемлекеттік органдардың жұмысын бағалаудың басты өлшемі болып табылады. Мемлекеттік қызмет көрсету барлық саланы, соның ішінде азамат дүниеге келген кезден бастап барлық өмір сүру кезеңінде мемлекеттік қызмет көрсету бойынша мемлекетпен тығыз байланыста болатындығы белгілі.
Осының негізінде азаматтар мемлекеттің қызметіне толықтай тәуелді, яғни мемлекеттік қызмет көрсетуші органдардың басты мақсаты азаматтардың өмір сүруіне тиісті жағдай жасау.
Мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде халықтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтауды қамтамасыз ету белгілерінің бірі болып әкімшілік кедергілерді азайту, халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсету тиімділігін арттыру және мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету болып табылады.
Қазіргі кезде мемлекеттік қызмет қоғам өмірінде үлкен орын алады. Көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасының деңгейі еліміздің экономикалық және әлеуметтік көрсеткіші болып табылады. Осыған байланысты, көптеген шет мемлекеттер мемлекеттік қызмет көрсету сапасының жоғары болуына және осы саланың дамуына үлкен мән береді.
Жалпы мемлекеттік көрсетілетін қызмет дегеніміз не?
Мемлекеттік көрсетілетін қызмет дегеніміз – көрсетілетін қызметті алушылардың өтініші бойынша жеке тәртіппен жүзеге асырылатын және олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға, оларға тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктер беруге бағытталған жекелеген мемлекеттік функцияларды іске асыру нысандарының бірі.
Мемлекеттік қызметтер көрсетудің негізгі қағидаттары:
— көрсетілетін қызметті алушылардың тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша қандай да бір кемсітушіліксіз теңдей қол жеткізуі;
— мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде төрешілдік пен сөзбұйдалық көріністеріне жол бермеу;
— мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы есеп берушілік және ашықтық;
— мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі;
— мемлекеттік қызметтер көрсету процесін үнемі жетілдіру;
— мемлекеттік қызметтер көрсету кезіндегі үнемділік және тиімділік.
Жоғарыда атап өткендей, мемлекеттік көрсетілетін қызметті берушілердің мемлекеттік қызметтер көрсетуіне қойылатын талаптары және оларды көрсету тәртібі мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіде айқындалады.
Осыған орай, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша шағымдарыңыз, арыздарыңыз болса немесе құқықтарыңыз бұзылса Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша Департаментіне жүгінулеріңізге болады. Біздің мекен-жайымыз Н.Назарбаев даңғылы 39, 2 қабат, байланыс телефоны 50-40-66.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы
Жолданғар Ербол Қабдығалиұлы