Ана махаббатын айшықтаған қойылым
«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында қаламыздағы №21 негізгі орта мектеп оқушылары «Соқыр ана» пьесасын сахналады. Көрерменді адамгершілік қасиетті сақтауға шықырып, әзиз жүректі әйел тағдырын және ананың балаға деген махаббатын көрсетуге арналған қойылым көптің көңілінен шықты.
«Соқыр ана» сахналық қойылымы жастайынан ерке өскен Арман есімді бала мен оның анасы арасындағы қарым-қатынасқа құрылған. Арманның анасы перзентіне бар мейірімін төгіп, қатарынан кем қалдырмау үшін барын салады. Әйтсе де ерке баланың туған анасына деген өкпесі бар еді. Ол – анасының бір көзінің жоқ болуы. Арман анасының осы бір кемістігі үшін қатар құрбыларынан ұялып, оның жүрегіне ауыр жара салады. Кейін мектепті тәмамдаған соң алыс қалаға оқуға кетіп, сол күйі оралмайды. Арманның сыныптастары 20 жылдық мектеп бітіру кешінде кездесу ниетімен достарына хат-хабар жіберіп, жігіт Арман баруға бел байлайды. «Балалықты еске алсам» деп жаяулап өзі тұрған ескі үйге барады. Қатира көрші апасынан анасының марқұм болғанын, кетерінде аманат хат тастағанын біледі, аманат хатты қолына алған жігіт Арман «түсінбедім» деп хатты оқиды. Хатта әкесін жалмаған жол апатында Арманның көзінен айырылғаны, баласын кем қылмайын деп анасының оған өз көзін бергені жазылған екен. Жігіт Арман өз сауалына жауапты қатал тағдырдың тезімен алғанын кеш түсініп аңырайды, бірақ кеш еді…
Қойылым көрермендерге қатты әсер еткені соншалық, залда отырған жұрт көзіне жас алды. Бала Арманның рөлін 3 «а» сынып оқушысы Аңсар Тастанбеков, ана рөлін мектептің мейірбикесі Қали Айжан, кейуана рөлін мектептегі кітапхана меңгерушісі Алмагүл Искакова, жігіт Арманның рөлін 9 «а» сынып оқушысы Айтуған Бейілбеков, көрші апа Қатираның рөлін Индира Тажитаева сомдады.
Қойылым соңында барлық қатысушы Әзімбек Байлиннің «Ата-анаң – бар байлығың» әнін қосыла шырқады. Ал мектеп директоры Нұрбол Күнеділов болса «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында ұйымдастырылған жұмыстарға алғыс айтып, жас өнерпаздарға сәттілік тіледі.
Алмагүл ИСКАКОВА,
№21 негізгі орта мектеп
кітапханасының меңгерушісі