Рамазан айы қашан басталады?
Биыл Рамазан айының бірінші күні 23 наурызға тура келеді. Ораза 29 күн. Ал сәуір айының 17-сінен 18-іне қараған түн – Қасиетті Қадір түні. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы айтты.
Оразаның басталатын күні – Орталық Азия елдерінің муфтилері және ғалымдармен кеңесіп шешілген. Сондай-ақ пітір садақаның құны жан басына 535 теңге болып бекітілді. Бас мүфти еліміздегі кәсіпкерлерге үндеу жолдап, азық-түлік бағасын қымбаттатпауды ұсынды.
– Осы ретте кәсіпкер азаматтарды, сауда орталықтарының басшыларын қасиетті айдың құрметі үшін халқымыздың тұрмыс жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше 10%-ға дейін төмендетіп, жеңілдік жасауға үндеймін. «Зекет және қайырымдылық» қоры қасиетті Рамазан айында бірнеше қайырымдылық жобасын жүзеге асырады. Атап айтқанда, «Шарапатты Рамазан», «Рамазан қоржыны», «Рамазан тәбәрік» сынды ауқымды республикалық қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырады, – деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Өз тілшімізден