Бұл сайлау несімен ерекше?
Сонымен, 19 наурызда сегізінші сайланатын Мəжіліс пен жергілікті мəслихаттардың депутаттарын сайлау науқаны өтетін болды. Депутаттыққа үміткерлерді тіркеу аяқталып, олар сайлауалды үгіт жұмыстарына кірісіп те кетті. Сөйтіп, елімізде тағы бір үлкен саяси дода басталды. Тағы деп таңбалап отырғанымыз да тегін емес. Өткен жылы елімізде үлкен екі саяси науқан өтті. Ел болып Ата Заңымызға өзгеріс енгіздік. Соның аясында кезектен тыс президент сайлауы да өтті. Енді, міне, кезек Мəжіліс пен барлық деңгейдегі мəслихаттарға да келіп жетті. Бірақ, «бұл əн бұрынғы əннен өзгерек» демекші, бұл сайлау бұрынғы сайлаулардан өзгеше өткелі тұр. «Əділетті Қазақстан» қағидатына сай өтетін сайлаудың өзіне тəн өзгешеліктері де аз емес. Сонымен, алдағы саяси додада қандай өзгерістер болады? Енді соны шамамыз жеткенше саралап көрелік.
Мəжілістің мандаты қысқарды
Мұны сайлаудағы бірінші һəм басты ерекшелік деп айтсақ болады, Мəжілістің мандаты қысқарды. Яғни жетінші сайланған Парламенттің Мəжілісінде 107 депутат болған болса, жаңадан жасақталатын Мəжілісте мандат саны 9-ға қысқарып, 98-ді құрап отыр. Қысқартылған бұл 9 мандат осы уақытқа дейін Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланатын депутаттарға тиесілі.
Сонымен, өткен жылы түзетулер енгізілген Конституциямызға сəйкес, Мəжіліс конституциялық заңда белгіленген тəртіппен аралас сайлау жүйесі бойынша: біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесі бойынша, сондай-ақ бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын 98 депутаттан тұрады. Мəжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі 5 жыл.
Мəжіліс депутаттарын сайлау жалпыға бірдей, тең жəне төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. «Енді Мəжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бірмандатты округтерден сайланады», – деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мəжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысты халыққа жасаған мəлімдемесінде.
Мəжіліс депутаттарының бұл сайлауында мұнан да өзге өзгешеліктер бар. Нақтырақ айтар болсақ, елімізде жүргізілген конституциялық реформа аясында саяси партияларды тіркеу рəсімі айтарлықтай жеңілдетілді. Партия мүшелерінің санына қатысты талап та түбегейлі өзгерді десек болады. Айталық, бұған дейін партия құру үшін оған мүше азаматтардың саны 20 мың болу тиіс болса, реформадан кейін ол 5 мыңға дейін қысқартылды.
Тағы бір өзгеріс партиялардың аймақтардағы өкілдіктерінің мүшелеріне қатысты. Яғни бұған дейін партия құру үшін əр өңірде кемінде 600 жақтасың болу шарт еді. Ал қазір 200 адам партияңызды қолдаса, саяси ұйымның тіркелуіне жеткілікті. Дəл осы мүмкіндікті бірқатар саяси белсенді қолданып та үлгерді. Бұған дейін елімізде «AMANAT» партиясы, «Ақ жол» демократиялық партиясы, Қазақстан халық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия белсенділік танытса, ендігі уақытта олардың қатарын Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы мен «Respublica» партиясы толықтырып отыр.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы атап өткендей, сайлау бюллетеніне «бəріне қарсымын» деген бағанның енгізілуі де өте маңызды шешім болды. Партиялардың Мəжіліске өтуіне қажетті дауыстың төменгі шегі 7-ден 5 пайызға дейін азайды. Бұл да – елімізді демократияландыру жолындағы айрықша мəні бар қадам.
«Сайлау үдерісіне қоғамның түрлі өкілдерін барынша тарту үшін заңнамаға басқа да тың өзгерістер енгізілді. Мысалы, депутаттық мандаттың 30 пайызын əйелдерге, жастарға жəне ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бөлу заң жүзінде бекітілді. Мұның бəрі саяси бəсекені күшейтеді, саяси жүйенің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ саясаткерлердің жаңа буынының қалыптасуына жол ашады», – деп атап өтті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз мəлімдемесінде.
Депутаттар аралас жүйемен сайланады
Əңгімеміздің басында Мəжіліс депутаттарының аралас жүйе бойынша, яғни белгілі бір бөлігі партиялық тізім, белгілі бір бөлігі бірмандатты округтерден сайланатынын айтып өттік. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мəслихат депутаттары да осындай тəсілмен сайланады. Мұны да Мемлекет басшысы ел тұрғындарына жасаған мəлімдемесінде атап өтті.
«Депутаттардың 50 пайызы бірмандатты жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша өтеді. Ал аудан жəне облыстық маңызы бар қалалардағы мəслихат сайлауында азаматтар бірмандатты округтерден шыққан кандидаттарға дауыс береді. Осылайша Мəжіліс пен мəслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталады. Сонда сайлаушылардың мүддесі жалпыұлттық жəне аймақтық деңгейде толық қорғалады. Өкілді билікке түрлі көзқарастағы азаматтардың келуіне мүмкіндік туады. Азаматтық қоғамның одан əрі дамуына айтарлықтай жағдай жасалады», – деді Президент.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, сайлау науқанын ұйымдастыру жəне оны өткізу ісінде аумақтық сайлау комиссиялары маңызды рөл атқарады. Енді облыстық сайлау комиссиялары кəсіби түрде тұрақты жұмыс істейді. Бұл шешім сайлауға қатысты іс-шаралардың сапалы атқарылуын қамтамасыз етеді.
«Қазақстанда қарқынды жəне жан-жақты жаңару үдерісі жүріп жатыр. Бұл сайлау қоғамдағы өзгерістердің көрінісі ретінде саяси жүйеміздің одан əрі жаңғыруына зор ықпалын тигізеді. Қазір əлемде дəл осындай ауқымды өзгерістерді қолға алған мемлекеттер көп емес. Мəжіліс пен мəслихаттар сайлауы мемлекеттік билік институттарын жаңғырту жұмыстарының қорытынды кезеңі болмақ. Осылайша «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты толық іске асады. Біз бір ел, бір халық болып əділетті Қазақстан құрып жатырмыз. Осы жолда түрлі сын-қатерді еңсеріп, көптеген маңызды міндетті бірге атқаруымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
P.S. Иə, қоғам арасында əр түрлі пікір бар, бірі сайлауға сенім артса, енді бірі сенімсіздік танытады. Қалай десек те, сайлау – еліміздің ертеңін айқындайтын қоғамдағы ауқымды шара. Ол – мемлекеттік жүйенің тиімділігін арттырады, Үкімет пен басқарушы саяси партияның саясатын бағалайды жəне мемлекеттің қызметіне қоғамдық бақылау жасауға мүмкіндік береді. Мемлекет болашағына бейжай қарамайтын əрбір азамат оның өтуіне үлес қосып қатысуы керек-ақ дегіміз келеді. Əзірге кімдер нақты түсетіні белгісіз, бірақ биыл көптеген азаматқа, оның ішінде жастарға мол мүмкіндік сыйлауда. Қалғанын уақыт көрсетер.
Ізбасар ОЙБАС