Хан есімі ұлықталған жыр дода

Қазаққа ұлттық идеология керек деген әңгімені жиі сөз етеміз. Ал, нақты іске келген кезде күмілжіп қалатын сәттеріміз көп. Мәселен, былтыр қолдан сусып шығып бара жатқан азаттығымыз бен шаңырағы шайқалған мемлекеттілігімізді сақтап қалу жолында күрескен хан Кененің 220 жылдық мерейтойы өтті. Өтті деген аты ғана, әйтпесе елеп-ескерген адам аз болды. Түсінгенге нағыз идеология осы Кенесары ханның тұлғасында жатыр еді ғой…

Әрине, жоқ деп түбегейлі кесіп айтуға тағы болмайды. Қазақ арасында төре тұқымынан шыққан соңғы хан атанған Кенесары Қасымұлының 2020 жылдығына арнап дүбірлі көкпар өтті қаламызда. Бұл ретте осы шараға ұйтқы болған Қарағанды қаласы әкімдігі мен атымтай жомарт азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ал, оның сәл алтында велошабандоз, жиһангер жерлесіміз Ернат Мелсұлы «Астана-Қарағанды» велошеруін өткізіп, атаулы мерейтойды еске салып қойғаны тағы бар. Осы игі шаралардың жалғасы ретінде бұрнағы күні «Достық үйінде» Айтбай Жұмағұлов, Дидар Қами бастаған азаматтардың бас болып, ұлтжанды кәсіпкерлердің демеу көрсетуімен «Хан Кенедей ер қайда?» атты жыршылар сайысы өтті. Иә, ханның мерейтойы былтыр еді. Әйтсе де, ұйымдастырушылар белгілі себептерге байланысты бұл шараны биыл өткізуді жөн көріпті.

Былтыр жыл соңында түрлі шаралар қабаттасып қатар келіп қалды. Солардың көлеңкесінде қалып кетпесін деп биылғы жылдың басына ауыстыру туралы шешім қабылдадық. Құдайға шүкір, бүгінгі сайысқа қатысуға отызға тарта жас өрен келіп отыр. Олар Доскей ақынның «Кенесары» дастаны мен Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» жырын жатқа оқып, сынға түсті. Жалпы қазақ үшін Кенесары ханның орны ерекше екені белгілі. Ел басынан бақ тайып, заманы көші басқа арнаған бұрған шақта ұлттық азаттық жолында қол бастап, күреске түсті. Қанша айтсақ та, ұлықтасақ та артық болмас еді. Өкінішке қарай, былтыр тиісті деңгейде аталмай қалды. Сондықтан, өз үлесімізді қосайық, өсіп келе жатқан жастарға Кенесары ерлігін насихаттайық деген мақсатта ұйымдастырып отырмыз, — дейді Айтбай Жұмағұлов.

Жыр додасының шымылдығын жыршы Мұхтар Тілегенұлы Доскейдің Кенесары дастанымен ашып берді. Әрі қарай кезек қатысушыларға берілді. Жасөспірімдер екі аталым бойынша бақтарып сынады. Бірінші аталым – мәнерлеп оқу. Сахына төріне көтерілген балалардың өнерін бағалаған қазылар алқасы оларға жырдың әр жерінен үзінділер келтіріп, сынап отырды. Ал, екінші аталымның қатысушылары болса жырды домбыраның сүйемелдеуімен орындап, өнерлерін көрсетті.

— Хан Кененің қазақ үшін орны бөлек екені белгілі. Бірақ, мерейтой дұрыстап аталмай қалды. Соған қарнымыз ашып, жылдың аяғында Айтбай Жұмағұлов ағаймен ақылдасып, демеушілер тауып жырлаулар сайысын өткізсек деген ой болған. Мақсатымыз іске асты. Соған қуанып отырмыз. Қазір балаға жыр жаттату қиын ғой. Қаншама беттік қисаны былай қойғанда, екі ауыз өлең жаттауды ауырсынатындар да бар. Десек те, осы сайысқа отызға тарта бала қатысуға ниет білдірген екен. Мұның өзі қуаныш, — дейді сайыстың қазылар алқасының мүшесі, ақын Дидар Қами.

Дидар ақынның өнердегі жолы да осы жыр жаттаудан басталғанын айта кету керек. Осыдан 20 жыл бұрын Көкше төрінде Кенесары ханның 200 жылдық мерейтойына арналған жыраулар сайысында 13 жастағы бала Дидар 1-орын иегері атанып, биік белесті бағындырған. Бұл туралы Мәдениет қайраткері, Шет ауданының мәдениет саласын 20 жылдай басқарған Гүлшара Ахметова айтып берді.

Дидарға атасы Қами бала кезінен дастан, жырларды жаттатып, миына құйып отыратын еді. Ол заманда жыраулар мен термешілер жоқтың қасы еді. Дидардың өзінің де қызығушылығы мен ынтасы басым болды. Содан Көкшеде жыр додасы өтеді дегенді естігенде ұятқа қалдырмайтынын біліп, жетектеп бардым. Жүлделі орыннан көрінді. Бүгінде өзі де осы салада жүр. Қазір баяғыдай емес, Арқада айтыс пен жыраулар мектебі қалыптасып, жақсы дамып келеді ғой. Бүгінгі сайысқа келген балалардың да талабын көріп қуанып отырмын, — дейді Гүлшара Ахметова.

Әлгінде атап өткеніміздей, бұл сайыс толықтай демеушілер қолдауы есебінен ұйымдастырылған. Бас жүлде алған өнерпазға бір тай берілді. Сондай-ақ, өзге қатысушыларға 1, 2, 3 орындардан бөлек Байғозы, Манаш, Ағыбай, Наурызбай батыр атындағы да арнайы жүлделер берілді. Білім басқармасы тарапынан 5 балаға «Балдауренге» жолдама беріліп, барлық қатысушылар қомақты қаржылай сыйлыққа ие болды.

Байқауды ұйымдастырушылар осы арқылы ұлттық құндылықтарымызды, батырларымызды насихаттауды және жыр өнерін дамытуды мақсат тұтқан. Тағы бір атап өтерлігі, бұл мерейтойлық, бір жылдық қана шара емес. Алдағы уақытта жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп тұру жоспарланған.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«QH»