Қоржында – алғашқы алтын

АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында ХХХ Қысқы универсиаданың салтанатты ашылу рәсімі болды. Оған АҚШ-қа жұмыс сапары аясында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысып, қазақстандық спортшыларға сәттілік тіледі. Универсиадада қазақстандық спортшылар алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

– Спорттағы сәттілік тек еңбекпен және күш-жігермен келеді. Сондықтан сіздерге шыдамдылық, ішкі шабыт және жеңіске деген мызғымас сенім тілеймін. Біздің құрама ел намысын лайықты түрде қорғайтынына сенімдімін, – деді Саясат Нұрбек.

Қазақстандық биатлоншы Вадим Куралес 15 шақырым қашықтықта жекелей сында мәре сызығын бірінші болып қиды. Жарыс жолына он алтыншы болып шыққан Вадим нысана көздеуден бір рет қана (0+1+0+0) мүлт кетіп, 42:37.4 минут нәтиже көрсетті.

Ал жерлесімізден 42,6 секундқа қалып қойған норвегиялық биатлоншы Эрьян Мосенг екінші орынды қанағат тұтты. Үздік үштікті франциялық Аксель Гарнье (+1:16.5) түйіндеді. Осылайша ел қоржынына алғашқы жүлде – алтын медаль түсті.

Айта кету керек, Қысқы универсиадаға әлемнің 50 елінен барлығы 1 443 спортшы қатысып жатыр. Қазақстан атынан спорттың тау шаңғысы, биатлон, шаңғы жарысы, керлинг, мәнерлеп сырғанау, фристайл, хоккей, шаңғы қоссайысы, шорт-трек, шаңғымен секіру, сноуборд, конькимен жүгіру сияқты 12 түрінен қатысуға 78 студент аттанды. Лейк-Плэсид ареналарында барлығы 86 медаль жиынтығы ойнатылады.

Арман ӘБІЛҚАСЫМОВ