Өзгерістерді басқару – өмір талабы

Әлем сағат сайын өзгеріп, жаңарып жатыр. Кеше ғана таныстырылымы болған ең соны технологияның өзі бүгін ескіріп қалуы бек мүмкін. Жаңалықтардың жылдамдығы адамзаттың дамуы үшін жақсы шығар. Десек те біздің қоғам бұл үдерістерге ілесе алмай, өзгерістер науқанына үрке қарайтынды шығарды.

Алдыңғы буын өкілдерінің жастарға көңілі толмайды. Әсіресе әдебиеттің айналасында жүрген ағаларымыздың «Жастар кітап оқымайтын болды. Телефон мен компьютерден бас алмайды» деген сарындағы сыни пікірін жиі естиміз. Рас. Қазір кітапханаға аттап баспайтын жас буын өкілдері тым көп.

Алайда бұл – «жастар білімсіз» дегенді білдірмесе керек. Қайта интернетті оңтайлы пайдаланған адам әлем әдебиетінің жауһарларымен сусындап, ғылымның соңғы жаңалықтарынан хабардар болып отырады емес пе? Өткен ғасырларда білім мен ғылым кітапта ғана болса, қазір рухани қазынаны интернеттен де табуға болады.

Қоғам қанша қарсылық танытса да, цифрлық дәуірде орын алып жатқан өзгерістерді тоқтата алмайды. Күшпен тоқтатса, онда даму қарқыны тежеліп, кері кетері анық. Қайтпек керек?

Мұндайда ең абзалы – сол өзгерістерді басқаруды үйрену. Әлемде ешқашан өзгермейтін жалғыз нәрсе – өзгеріс. Кез келген мемлекет, тіпті жеке тұлғаның өзі ешқашан бір орында тұрақтап қалмай, үнемі дамып отырады. Ал өзгерістерді басқарып үйрену – жетістікке жетудің басты шарты.

Жастарды телефон мен компьютерден алыстатуға тырысудың қажеті жоқ. Қайта сол интернеттің пайдалы болуына көбірек мән беру қажет. Мәселен, қазақтілді интернет кеңістігінде ақпарат тапшылығы анық сезіледі. Әдеби дүниелерге сұраныс бар, бірақ ұсыныс аз. Танымал жас авторлар мен ақын-жазушылардың шығармаларын там-тұмдап кездестіретін шығарсыз. Бірақ қазақ әдебиетінің шынайы жауһарларын таба алмайсыз. Өйткені қоғамда интернетке деген қарсылық әлі күнге дейін сақталып қалған. Әсіресе алдыңғы аға буын өкілдерінің арасында интернеттің мүмкіндігін елемеу, пайдасын ескермеу тәрізді жағымсыз әдет мейлінше белең алған.

Оның үстіне, онсыз да кітап оқи қоймайтын жастар өздері танымайтын автордың шығармасын іздемейді де. Осы ретте соңғы жылдары елімізде кітап саудасының қарқын ала бастағанын айта кеткен жөн. Өз шығармасын интернетте барынша жарнамалай білген жекелеген авторлардың кітабы бір демде өтіп кетіп жатыр. «Жастар кітап оқымайды» деген әлгі сөз далада қалады мұндайда. Өзгерістерді басқару дегеніміз – осы.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«QH»