Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды
Қарағанды облысында Ұлттық бірыңғай тестілеудің кезекті кезеңі 13 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өтеді. Білім басқармасының мәліметінше, мектептің 4 886 түлегі білімін тексеруге шешім қабылдады.
Тестілеу «U-FUTURE» ЖШС өңірлік тестілеу орталығының базасында өткізіледі:
1) Қарағанды қаласында – Қазақстан к-сі, 15а;
2) Балқаш қаласында – Ж.Әбуғалиев к-сі, 7.
Пәндер саны өзгеріссіз қалады, яғни міндетті үш пән және бейінді екі пән болмақ. Барлығы – 120 сұрақ. Ең көп ұпай саны – 140. Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат (240 минут). Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін 40 минут қосымша уақыт қарастырылған.
Тестілеу кезінде калькулятор, тұздардың ерігіштігі және Менделеев кестесі барлық талапкер үшін компьютер экрандарында қолжетімді болады. Сондай-ақ ҰБТ қатысушыларына өздерімен бірге қалам, су және шоколад әкелуге рұқсат етіледі.
Қаңтардағы ҰБТ нәтижелері мектеп түлектеріне ЖОО-ға ақылы негізде түсуге үміткер болуға мүмкіндік береді.