Жаңа жыл кеші көңілді

Қарағандылықтар Жаңа жыл мерекесін сән-салтанатымен атап өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін Орталық саябақта және қаланың өзге де аудандарында жаңажылдық концерттік бағдарламалар ұсынылды. Бұдан бөлек белсенді азаматтар қайырымдылық шарасын өткізіп, сәбилер мен ересектерге айрықша қуаныш сыйлаған болатын.

Кеншілер қаласының көрікті орындарының бірі – Орталық саябақ жыл өткен сайын жаңғырып, көптің көз қуанышына айналып келе жатқаны жасырын емес. Биыл мұнда ұзындығы 500 метрлік желілік сырғанақ ашылып, ертегідегідей әсем безендірілген болатын. Жаңа жыл түнінде мерекелік концерт сағат 01:00-де басталып, түрлі қойылыммен түрлене түсті. Сахна көркін кештің басты кейіпкерлері – Аязата мен Ақшақар қыздыра түсті. Бұл – саябаққа ата-аналарымен бірге Жаңа жыл тойлауға келген бүлдіршіндерді қуанышқа бөлегенін атап өткен жөн. Көпшілік танымал әндерді өнерпаздармен қосыла шырқап, мерекелік кештің сәнін аша түсті. Дәл осы кезеңде Майқұдықтағы мәдениет үйінің алаңында да жергілікті шығармашылық ұжымдар әзірлеген мерекелік концерт басталған болатын. Жапалақтап жауған қар мен жел көптің мерекелік көңіл-күйін бұза алған жоқ. Қайта жүздеріне күлкі ұялатып, ертегідегідей әсер сыйлағаны бар.

«Ескі жыл, есірке; жаңа жыл, жарылқа» дейтін халық мерекелік шараны отшашусыз елестете алмайды. Әсіресе балалардың Жаңа жылды асыға күтуіне бір себеп сыйлық болса, екіншісі – отшашу. Орталық саябаққа жиылған қала тұрғындары әр жерден атылып жұлдыздай жарқыраған отшашуды отбасымен бірге тамашалады.

Орталық алаңда Жаңа жыл көркін жарқырай ашып, келбетін келтірген шырайлы шырша жанында Аязата мен Ақшақар балаларға тақпақ айтқызып, алуан түрлі тарту-таралғысын сыйлады.

Қала тұрғындары мен қонақтары жыл сайын отбасымен атап өтетін мерекелік шараға арнайы жаңажылдық киімдерімен келген. Бірі Аязатамен, бірі ертегі кейіпкерімен суретке түссе, келесі бірі мерекеге сай безендірілген жасыл шыршамен және түрлі мүсіндермен естелік суретке түсті.

Еркебұлан САНАҚҰЛЫ,

«QH»