Ұстаздар айлығы өсті

Елімізде жыл басында ұстаздар айлығы тағы 25 пайызға ұлғайды. Айлықтың өсуімен қатар педагог мамандарға қойылатын талап та күшейтілді. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің мәлімдеуінше, енді мұғалім болып жұмысқа тұру үшін жай ғана дипломның болуы жеткіліксіз.

– Президент қолдауының арқасында педагогтердің жалақысы 2023 жылғы қаңтарда тағы 25 пайызға артады. Сонымен қатар мұғалімдердің кәсіби құзыретін арттыруға ерекше назар аударылады. 2021 жылдан бастап педагогикалық жұмысқа тұру үшін сертификаттау енгізілді. Яғни енді жұмысқа тұру үшін диплом жеткіліксіз, міндетті түрде өз пәні және әдістеме бойынша тестілеуден өтуі қажет, – деген еді министр бұған дейін.

Жалпы, биыл республикалық бюджеттен мұғалімдердің жалақысын көбейтуге, оларға біліктілік санаттары, магистр дәрежесі үшін қосымша ақы төлеуге және дене шынықтыру мұғалімдерінің сабақтан тыс сабақ өткізуіне 1,2 трлн теңге (2,5 млрд доллар) бөлінген.

Арман ӘБІЛҚАСЫМОВ