Ақ боранның әлегі

Ат құлағы көрінбейтін ақтүтек боран біраз елді әбігерге салып қойды. Әсіресе құтқарушылар мен полиция қызметкерлерінің және жол тазалығына жауапты коммуналдық қызмет өкілдерінің жұмысы еселеп артты. Ауа райының қолайсыздығы туралы ескерту берілсе де, елемеген жұрттың бір бөлігі қара жолда қалып қойды.

Боран бірнеше күнге созылды. 3 қаңтар күнгі дерек бойынша, елімізде 127 жол учаскесі жабылып, қозғалыс шектелген. Жолдағы төтенше жағдайларды жою жөнінде республикалық штаб құрылып, аймақтарда да дәл осындай штабтар жұмыс істей бастады. Бақылау бекеттерінде 600 көлік жиналып қалған. Тәулік ішінде құтқару бөлімшелері 691 адамды құтқарып, эвакуациялады. Соның ішінде 137 бала (Жамбыл, Түркістан, Қостанай, Қарағанды және Абай) бар, 145 техника сүйретілді. Авариялық-құтқару жұмыстарына барлығы 1000-ға жуық адам және 600-ге жуық ТЖМ, ЖАО және ІІМ техникасы жұмылдырылды.

Қарағанды облысында да жағдай ушығып тұр. Боран кезінде 200-ден астам адам қауіпсіз жерге эвакуацияланған. Олардың арасында кәмелет жасына толмаған 43 бала және жүкті 3 келіншек бар. Сондай-ақ құтқарушылар 43 техниканы қар құрсауынан шығарыпты. «Балқаш – Ақсу-Аюлы» бағытында құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аймақтағы іздеу-құтқару және жол тазарту жұмыстарына 226 адам, 132 техника жұмылдырылды.

Облыс аумағында барлық бағыттағы автожол жабылып, қозғалыс шектелген. Әйтсе де ескертуге қарамастан жолға шықпақ болған азаматтар да аз емес. Полицияға бағынбай, қолайсыз ауа райында жолға шығып кеткен азаматтар жазасыз қалмайды. Заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістер бойынша, ескертуді елегісі келмеген азаматтар бастапқыда 91 890 теңге айыппұл төлейді немесе15 тәулікке дейін қамауға алынады. Бұл жағдай бір жыл ішінде тағы қайталанса, 15 күннен 20 тәулікке дейін қамауға алынады. Қамауға алынбайтындарға (мысалы, мүгедектерге) 50 АЕК, яғни 152 150 теңге көлемінде айыппұл салынады.

Бірнеше күнге созылған боран үлкен жолдың бойындағы ғана емес, қала ішіндегі көлік қозғалысына да едәуір кедергі келтіріп отыр. Тұрғындар ауланы басқан омбы қардан шыға алмай қалып жатқандарын айтуда. Қазіргі таңда Қарағанды қаласындағы көшелерді қардан тазарту үшін 184 арнайы техника мен 160 жұмысшы жұмылдырылды.

«Бірінші кезекте қарды автобус маршруттары өтетін негізгі магистральдардан, қоғамдық көліктің кірме аялдама қалталарынан, тротуарлардан, жаяу жүргіншілер өткелдерінен және одан әрі басқа учаскелерден шығарамыз», – деп хабарлады қала әкімдігі.

Облыс орталығын қар құрсауынан құтқару үшін коммуналдық қызмет мамандары күшейтілген режимде 2 ауысымда жұмыс істеп жатыр.

Арман ӘБІЛҚАСЫМОВ,

«QH»