СЕГІЗ ҮЙ ОРТАЛЫҚ ЖЫЛУДАН АЖЫРАТЫЛАДЫ
Қарағанды облыстық мәслихатының 2013 жылғы 14 наурыздағы XII сессиясының «Қарағанды облысында жылу беру маусымына дайындық және оны өткізу қағидалары туралы» №129 шешіміне сәйкес, Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы ауданында ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап, 2021-2022 жылдардағы жылу беру маусымына көпқабатты тұрғынүйлерді дайындау жұмыстары белсенді түрде жүріп жатыр.
— Біздің ауданда 1-ЖЭО және 3-ЖЭО жылытылатын 1530 тұрғын үй орналасқан. Барлық тұрғын үйлерді дайындау үшін апта сайын 75 үй тапсырылып, тексерістен өтеді. Яғни ол үйлердің жалпы санының 5 % құрайды. Осылайша, жылыту маусымы басталғанға дейін көпқабатты үйлердің барлығы толық дайын болу мәселесін шешуге мүмкіндік аламыз.
Қазыбек би аудан әкімі аппаратында ауданның барлық басқару органдарымен және «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС өкілдерімен 3 жиналыс өткізілді. Жиын барысында ағымдағы проблемалық мәселелер мен оның шешу жолдары қарастырылып, шешілді. Дайындық актілерін алуда қажетті іс-шараларды неғұрлым сапалы жүргізу үшін біз өткен жылдардың талдауын ескере отырып, басқару органдары жоқ проблемалы үйлерге баса назар аудардық. Сондайақ, «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС жөндеу қызметінің нұсқамаларын орындамайтын үй иелерімен мәмілеге келуге тырыстық,- дейді Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасары Бейсен Қабдуалиұлы.
«Теплотранзит Қарағанды» ЖШС жылу беру маусымына дайындықтағы әрекетсіздігі үшін 8 тұрғын үйді орталық жылумен жабдықтаудан бас тартқан. Олар: Пассажирская көшесі, 16, Ерубаев көшесі, 51/1, Лободы 25/2, 27/3, 29/2, Рысқұлов көшесі 25, Карбышев 9/1, Сатыбалдин 11. Қазіргі уақытта ауданда 951 тұрғын үй дайындықтан өткен. Ол жалпы көрсеткіштің 62,5%-ын құрайды.
Қазіргі уақытта барлық басқару органдары дроссель құрылғыларының өлшемдерін алып, жертөле мен шатыр үй-жайларында жылыту жүйелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуде.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, негізгі мақсат — жылыту маусымында авариялық жағдайларды болдырмау және қысқарту. Сондықтан осы іс-шараларды өткізу барысында әрбір элеватор торабын дайындауда сапаға баса назар аударылған. Нәтижесінде, бүгінгі күні 939 үй пайдалануға берілді.
Айта кетелік, соңғы 5 жылдағы көрсеткішке сүйенсек, үйлердегі жылудың нашарлығына шағым көп жағдайда дайындық кезеңінде тұрғындардың салғырттық танытқанынан туындайтынын байқауға болады. Яғни, тиісті ұйымдармен жүйелі байланыс орнатып, қысқы кезеңге уақытылы дайындалмағандықтан түрлі проблемалық мәселелер туындайды.
Жазғы маусым басталған кезде-ақ қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жылу беру кезеңіне дайындық тақырыбы төңірегінде жиын ашты.
— Алдағы уақытта өткен маусымдағыдай кемшіліктерді болдырмас үшін аудан әкімдіктері жылыту маусымына дайындық жұмыстарын күшейтіп, сапалы және уақытылы дайындық жүргізуі керек. Коммуналдық кәсіпорындар мен бюджеттік секторға қажетті отын мөлшері алдын ала дайындалуы тиіс. Барлық құжаттық рәсімдерді аяқтап, жазғы уақытта тасымалдауды жүзеге асырған жөн. Коммуналдық және иесіз электр жүйелеріне шұғыл түрде құқық белгілейтін құжаттарды дайындап, оларды энергия беруші ұйымдардың балансына өткізу қажет,- деп арнайы тапсырма берген болатын әкім.
«Караганда Энергоцентр» ЖШС ақпараты бойынша, екі ЖЭО-да алдағы жылыту маусымына дайындық бағдарламасына 13 қазандық агрегатын, 10 турбинаны және үш су жылыту қазандығын күрделі, кеңейтілген-ағымдағы және ағымдағы жөндеу жұмыстары кіреді.
Қазандық пен турбинаны күрделі жөндеу, алты қазандық агрегаты мен алты турбинаны ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта екі қазандық агрегаты мен екі турбинаны күрделі жөндеу, бес қазандық агрегаты мен бір турбинаны ағымдағы жөндеу жүргізілуде.
ЖЭО-3 желілік су жылытқыштары мен ең жоғары қазандықтарды тазалайды. Барлығы 23 жылу жабдығы тазартылады.
— Станцияда барлығы 12 негізгі желілік су жылытқышы орнатылған, әр турбинада екеуден. Оның әрқайсысында жылыту маусымына дайындық кезінде қажетті жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жуылады. Жылытқыштың ішінде құбыр байламы болады. Бұл — бес мыңға жуық түтік, – деп түсіндірді компания.
Жылыту маусымына дайындық мәселесі қала, аудан әкімдіктерінің ерекше бақылауында. Сондықтан, өңір тұрғындарын да өз игіліктері үшін бірлесе жұмыс істей отырып, әрекет етуі қажет.
Аружан АЛПЫСБАЙ, «QH»