Қарағандылық антиваксерлер инфекциялық ауруханаға барудан бас тартты
Бүгін Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен БАҚ өкілдерінің «қызыл аймаққа» сапары ұйымдастырылды. Шараға аймақтағы екпе алуға түбегейлі қарсылық білдіріп, «коронавирус инфекциясы жоқ» деген пікірді ұстанып жүрген антивакцерлер де шақырылды. Әйтсе де, олар инфекциялық ауруханаға барудан қорқып, шараға қатысудан бас тартқан. Мұны облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаев растады, деп хабарлайды Saryarqanews.kz тілшісі.
— Біз мұнда екпе алуға қарсы азаматтарды да шақырған едік. Өйткені, олар үнемі екпенің қажеті жоқ екенін айтуда. Біз бұл азаматтарды жағдайды өз көздерімен көріп, екпенің қаншалықты маңызды екенін түсінгенін қаладық. Өйткені, екпе вирустың таралуын тежеп, індеттің алдын алуға мүмкіндік береді. Екпеден соң вирус жұқтырса да, ол жеңіл өтеді. Мамандардың пікіріне ғана құлақ түру қажет. Әлеуметтік желіні ақтарып, түрлі қауесеттерге сенуге болмайды. Өйткені, олар қандай да бір фактіге негізделмеген ақпараттарды таратуда. Қайталап айтамын, вакцина тиімді және ол біздің халықты індеттен қорғай алады», дейді Гамаль Тоқсамбаев.
Денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, қазіргі таңда облыстағы стационарларда коронавирус инфекциясына шалдыққан 2782 науқас бар. Жансақтау бөлімінде 144 науқас жатыр. Олардың ішінде 32 адам жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған. Аймақтағы эпидемиологиялық ахуал әлі де болса күрделі. Бұл вакцина алмаған және бұрын коронавирус жұқтырмаған азаматтардың арасында «дельта» штамының таралуымен байланыстырылуда. Өткен аптада «дельта» штамының таралуына байланысты коронавирус індетіне шалдығу екі есеге дейін өскен.
Айта кетейік, 4 тамыздағы жағдай бойынша, Қарағанды облысында екпенің І компонентін 395 974 адам салдырған. Ал, ІІ компонентті 283 адам алыпты.