Миллион гектар жер телімі қайтарылды
Қарағанды облысында мемлекет меншігіне 1 млн гектарға жуық жер телімі қайтарылды. Нұра ауданы – осы бағыттағы көшбасшылардың бірі. Ауыл тұрғындарына мал жайылымына жер беру үшін ондаған ірі шаруа қожалығы тиісті меморандумға қол қойған. Соңғы уақытта үлкен мәселеге айналған жайлымдық жер мәселесі қалай шешімін тауып жатыр?
Қайыркен Әдікенов – Қараой ауылының тумасы. Қазір қолда 20 басқа жуық ірі қарасы бар. Жазда жер тапшылығынан тойынбаған малға қысқа қажетті 40 тонна шөпті шауып алу мәселесі де қиындық тудыра бастаған. Бұл – ауылдағы 150-ге жуық отбасының баршасына ортақ мәселе.
– Малды жолдан асыруға болмайды. Мына жақта егін бар, сондықтан онда да шығара алмайсың. Тек Нұраның жиегінде жер бар. Бар болғаны – осы, малды сол жерде бағамыз, – дейді Қайыркен.
Мал басын арттыруға ниет танытқандар көп болғанымен, жайылымның жоқтығы – қолбайлау. Ауыл тұрғындарына 4 мың гектарға жуық жер жетпейтін еді. Мұны жергілікті серіктестік басшысы уақытша болса да беруге келіскен екен. Дәнді дақылдар өсіретін ЖШС басшысы Виктор Приб:
– 4 мың гектар жеріміз бар, мал сонда бағылады. Жылқы, қой бар. Мәселені шешіп жатырмыз. Мал ұстау үшін қашар дайындап жатырмыз. 1 700 га менікі, 400 га-ны үкімет берді бізге 4 жыл 9 айға, кейін тағы ұзартамыз, – дейді.
Жылқы жаю мәселесі шешілген. Оларды қыс қыстақ, жаз жайлауда баға беруге болады. Бірақ қолдағы малдың мәселесі қиын. Себебі оны ауыл маңына бағып, кешке сауып, сүтін пайдаға айналдырып отырғандар бар. Ауыл әкімі Сағындық Әбенов:
– Жайылым жер 790 гектар, өте аз. Ал біздің ауыл шөп, азық дайындауға арналған. Суармалы жерлер болған кеңестік кезеңде, қазір ол жоқ, егістікке айналды. Сол себепті жайылым жері азайды, – деп отыр.
Фермерлердің айтуынша, көпжылдық шөптің бір тонна тұқымы жарты миллион теңге тұрады. Тұрғындардың жайылымдарды өз күшімен қалпына келтіруге шамасы жетпейді. Сондықтан үкімет тарапынан қолдау болса дейді. Ал партия өкілдері болса бұл орайда әкімдерге еркіндік берген жөн деп есептейді.
– Бюджет әкімшіліктерінің бағдарламасына бұл бағдарламаны енгізіп, республика мен облыстан бөлінген қаржыны жергілікті жерде ауыл әкімдері өздері пайдалану керек деп есептейміз. Ауыл әкімдері өз күштерімен ауыл маңындағы жерлерді жақсартуға тырысып, ұмтылуы керек деп ойлаймыз, – дейді «Аманат» партиясы Нұра аудандық филиалының атқарушы хатшысы Данияр Алшынбаев.
Нұра ауданында мемлекет меншігіне бас-аяғы 81 мың гектар жер қайтарылған. Осылайша пайдаланылатын жер телімі 55 проценттен 92 процентке артқан. Бұл – «Аманат» партиясының жобасы. «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері ірі қожалық өкілдерімен кездесіп, артық жерді мемлекетке қайтару жөнінде мәмілеге келген.
Расул МҰХАММЕД,
«QH»