Қалалық жәрмеңке өтеді
Қымбатшылық белең алған шақта нарық құнынан арзан өнім алу сыймен тең. Әрине, тауар өндірушіге бағаны төмендет деп талап қою ақылға қонымсыз. Әрі бұл – экономика мен бизнестің заңдылығына кереғар келер дүние. Өйткені мұндай талаптың соңы кәсіптің дағдарысқа түсуіне алып келуі мүмкін. Қайтпек керек?
Әсілінде, бұл қиындықтан шығар жол жалғыз – жәрмеңке. Яғни тауар өндіруші мен сатып алушының ешқандай делдалсыз тікелей қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беру. Себебі алыпсатарлар пайда табу үшін арзанға алған өнімді үстеме бағамен қымбатқа саудалайды. Әрине, олардікі де күнкөріс қамы. Әйтсе де қарапайым халықтың қалтасына артық салмақ салмау және тауар өндірушіні табысқа кенелтуде бұдан оңтайлы шешім болмай тұр.
Бұған дейін қаламыздағы «Global City» сауда үйінің аумағында облыстық деңгейде ауылшаруашылық жәрмеңкелері ұйымдастырылып келген еді. Алдағы жексенбіде, яғни 3 желтоқсан күні, қалалық шағын ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтпек.
Жәрмеңке таңғы сағат 9:00-де басталады. Жәрмеңке өтетін жерге №40, №56, №5, №146, №02 және №29 автобустармен жетуге болады.