Мемлекет басшылары құттықтады
Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон телефон арқылы Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының кезектен тыс президент сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтады. Мемлекет басшылары келесі жылдың басында екі елдің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толатынын атап өтті. Тараптар Қазақстан мен Тәжікстан халықтарының игілігі жолында ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев те телефон арқылы құттықтауын жеткізді. Мемлекет басшысы бүгінде екі ел арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатқанын және стратегиялық серіктестік деңгейіне толық сай келетінін атап өтті.
Президенттер қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігі мен одақтастығының қазіргі жағдайын және даму перспективаларын талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаевты телефон арқылы құттықтаған Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров жоғары мемлекеттік қызметіне табыс тіледі. Ал Мемлекет басшысы құттықтағаны үшін Садыр Жапаровқа ризашылығын білдіріп, Қырғызстанмен арадағы көпжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайта беретініне ниетті екенін жеткізді. Әңгімелесу барысында қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы қарқынды дамып келе жатқаны да айтылды.
Қасым-Жомарт Тоқаевты құттықтаған жеделхаттар да келіп түсуде. Соның бірі – ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің құттықтау жеделхаты.
«Сайлаудағы айқын жеңісіңіз Қазақстан халқының сізге деген сенімін және өзіңізді толық қолдайтынын білдіреді. Сіздің бірегей басшылығыңызбен еліңізді реформалауға бағытталған барлық бастамаңыз табысты болатынына және жаңа Қазақстан құру ісі ілгерілейтініне сенімдімін. Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән беремін және дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толған уақытта сіздермен бірге мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңіне қадам басуға дайынмын», – деп жазылған жеделхатта.
Ал Ресей Президенті Владимир Путин жеделхатында: «Сіз отандастарыңыздың зор сеніміне ие болдыңыз. Бұл сенім мандаты мемлекетті дамытуға бағытталған бастамаларыңызды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндік береді. Елдеріміз арасындағы дәстүрлі достыққа, тату көршілік қарым-қатынасқа және өзара құрметке негізделген стратегиялық серіктестік пен одақтастық табысты дамып келеді. Ынтымағымызды одан әрі бірге ілгерілете береміз», – делінген.
Құттықтаушылар қатарында Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко да бар. Телефон арқылы сөйлесу барысында ол Қасым-Жомарт Тоқаевты кезектен тыс президент сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтады.
Мемлекет басшылары Қазақстан мен Беларусь арасындағы ынтымақтастықтың, стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың қазіргі жағдайы мен одан әрі нығаю перспективаларын талқылады.
Мемлекет басшысын Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев кезектен тыс президент сайлауындағы айқын жеңісімен телефон арқылы құттықтады.
Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуға ресми сапары кезінде қол жеткізген уағдаластықтар екіжақты қарым-қатынасты жан-жақты нығайтуда басты бағдар болатынын атап өтті.
Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған да Қасым-Жомарт Тоқаевты кезектен тыс президент сайлауындағы айқын жеңісімен телефон арқылы құттықтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президентінің құттықтауы мен ізгі тілегі үшін шынайы алғысын білдіріп, бұған дейін қол жеткізілген келісімдер мен уағдаластықтардың маңызды екенін атап өтті.
Тараптар бауырлас елдердің ортақ мүддесіне сай келетін тың бастамаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.
Аkorda.kz