Кеншілер мәселесі талқыланды
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Келісім комиссиясының шахтерлермен кезекті отырысын өткізді. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің еңбек ұжымдары кеншілер атынан жаңа сұрақтар қойды. Ең бастысы – кеншілердің зейнет жасын төмендеу. Сондықтан түсіндіру үшін кездесуге Еңбек және әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов шақырылды.
– Келісім комиссиясы жыл бойы жұмыс істейді. Прогресс бар. Бірақ әлі шешімін таппаған жүйелік мәселе жеткілікті. Өткен отырыста біз нормативтік сан, кадрлардың ауысуы, жабдықтарды жаңарту мәселелерін талқыладық. Әрине, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету шаралары бірінші орынға шығады, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Кеншілер көтерген жаңа мәселелер туралы «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев хабарлады. Алты мәселені ортаға салды, оның ішінде жалақыны көтеру, «13-жалақы» деп аталатын еңбекақы төлеу, еңбек қауіпсіздігін арттыру жөніндегі шараларды толық қамтамасыз ету, кәсіптік сырқаттың алдын алуды және қызметкерлерді сауықтыру жүйесін жақсарту бар.
Зейнет жасын төмендету мәселесі бойынша Ақмәди Сарбасов түсініктеме берді. Оның айтуынша, ведомствоаралық комиссия жұмысын жалғастыруда.
– Біз халықаралық тәжірибені зерттедік. Бірнеше нұсқа қарастырылуда. Оның ішінде қосымша ақы енгізуді талқылап жатырмыз. Мемлекетпен қатар жұмыс беруші де міндеттеме алуы тиіс, – дейді Еңбек және әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі.
Ведомство кейінірек есептеулер мен нақты схемаларды ұсынуға уәде берді.
Басқа барлық мәселе қабылданды және олар бойынша шешім келесі кездесулерде айтылатын болады.