Хан рухы ұлықталмақ
Биыл қазақтың соңғы ханы Кенесарының туғанына 220 жыл толмақ. Осы бір айтулы мерейтойға орай жаңа атшабарда көкпардан аймақтық чемпионат өтпек. Оған қарағандылық 10 көкпар командасы қатысады.
Дүбірлі доданы Қарағанды облысы әкімдігі, Спорт басқармасы, Облыстық ұлттық спорт федерациясы және жергілікті ұлтжанды кәсіпкерлер бірлесе отырып ұйымдастырмақ. Осылайша азаттықтың ақ жалауын көтерген хандарымыздың есімін ұлықтап, жастарға ұлтжандылық пен патриотизмді насихаттау көзделуде.
Хан рухын ұлықтау шарасына көкпар спорты да жайдан-жай таңдалып алынбаған. Өйткені көкпар жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады.
Чемпионат барысында 12 қараша күні сағат 9:00-10:30 аралығында Кенесары хан құрметіне арналған ат шеруі өтеді. Ал сағат 11:00-де көкпардың көрігі қызбақ. Жүлде қоры да қомақты. І орынға 1 000 000 теңге, ІІ орынға 700 000 теңге, ІІІ орынға 500 000 теңге берілмек.
Өз тілшімізден