Кіл мықтылар турнирі

Қарағанды гарнизонында алғаш рет Республика күніне орай 2005-2006 жылғы жастар арасында кикбоксингтен турнир өтті. Нүркен Әбдіров атындағы спорт кешенінде Қарағанды облысының таңдаулы жастары бас қосты.

Қарағанды облысының әр аймағынан 100-ге жуық спортшы 2005-2006 жылы туылған жастар арасындағы Қарағанды облысының чемпионатына қатысты. Жарыс үш күнге созылды. Шаршы алаңда шапшаңдық танытқан кикбокс шеберлері 10 салмақ дәрежесінде бақ сынап, жеңіске деген құлшыныстарын байқатты. Сайысқа Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Қарағанды «Жас ұлан» республикалық әскери мектебінің 8 оқушысы да қатысты.

Кикбоксинг – шығыс жекпе-жек өнерінің бір түрі әрі бірегейі. Бұл спорт түрінде бас пен денеге келетін соққы аяқпен де, қолмен де жасалады. Десек те соққысы тым ауыр болып саналады. Айта кетейік, спорттың оңайы болмаса да, бұл спорт түріне жас ұрпақ көптеп тартылуда. Мұндай деңгейдегі турнир қаламызда алғаш рет ұйымдастырылуда. Жарыс қорытындысында үздік деп танылғандар ел құрамасына кіруге мүмкіндік алады. 2005-2006 жылы туылған жастар арасындағы Қарағанды облысы чемпионатының қорытындысы бойынша, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Қарағанды қаласы «Жас ұлан» республикалық әскери мектебінің тәрбиеленушілері Жанай Агумбаев, Ализар Нұрмұратов бірінші орыннан көрінсе, Нұрдәулет Ашурбеков, Ильяс Жұбанышев пен Дос Бентбай, Әлішер Нұрмұратовтар екінші орынды қанағат тұтқан. Ал үшінші орынға Саламат Ақберді мен Дмитрий Коноваловтар табан тіреген.

– Чемпионатқа тек таңдаулылар ғана келеді. Бүгінгі мықтылар турниріне тынғылықты дайындалдым. Бұл турнирдің салмағы да, абыройы да мықты. Себебі мұнда кіл мықтылар жиналады. Қазақстан чемпионатынан іріктелген спортшылар бой көрсетуде. Алайда өзімді үнемі алдыңғы орындардан көруге тырысамын және сол мақсатқа жетуде барлық мүмкіндігімді көрсетемін. Бізді сайысқа дайындаған Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Қарағанды қаласы «Жас ұлан» республикалық әскери мектебінің ұстаздар қауымына алғысым шексіз, – деп атап өтті бірінші орын иегері Жанай Агумбаев.

Арман ҚАЛДЫБЕКОВ,

«Жас ұлан» республикалық мектебінің мұғалімі