Веломарафон: Сарытүбектен Стамбулға дейін

Ел ішінде алыс-жақын қашықтыққа велошеру ұйымдастырып, салауатты өмір салтын насихаттап, «Алаш» арыстарының есімін ардақтап жүрген Ернат Мелсұлы бұл жолы қиын сапарды еңсерді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген Сарытүбектен сонау Түркиядағы Стамбулға дейінгі 5 555 шақырым қашықтықты 55 күнде велосипедпен жүріп өтті. Басты мақсат – ЮНЕСКО деңгейінде аталып өткен «Алаш» ардақтысының есімін ұлықтау, түбі бір түркі халықтары арасында да кең көлемде насихаттау.

Велошеру 5 қыркүйекте басталған-ды. Велосаяхатшы Қостанай, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарының аумағын басып өтіп, қарт Каспий жағасында Грузияға бағыт алған ұшаққа отырып, теңіз үстінен ұшып өтеді. Өзінің айтуынша, сапар барысында көрші елдер тарапынан айтарлықтай қиындық бола қоймаған екен. Рас, әу баста Әзербайжан елінің аумағын да басып өту жоспарда болыпты. Десек те қазіргі қалыптасқан геосаяси тұрақсыздық дәуірінде бұл мемлекет шетелдіктер үшін шекарасын тарс бекітіп алғандықтан, сапар бағытын өзгерту қажет болған.

– Ақтаудан Кутаиси қаласына дейін ұшақпен жеттім. Жолда қандай да бір кедергі болған жоқ. Грузия мен Түркия аумағында визасыз жүру мүмкіндігі бар. Әрі шекарашылар менің велосипедпен осынша ұзақ қашықтыққа сапарға шыққанымды білгенде құрмет көрсетіп, барынша қолдауға тырысты. Әсіресе түркиялық ағайындар «біз қандаспыз, түбіміз бір» деп құшақ жая қарсы алды. Айта кету керек, бұл сапарды жоспарлау кезінде мемлекеттік мекемелерге хат жазып, көмек сұраған жоқпын. Қайта кез келген азамат ресми биліктің жәрдемінсіз-ақ халықаралық деңгейде саяхат жасай алатынын көрсеткім келді, – дейді Ернат Мелсұлы.

Көк теңізді кешіп ету мүмкін емес қой. Сондықтан саяхатшы бұл кедергіден өту үшін ұшақ көмегіне жүгінген. Онан арғы сапарда қос педальға дамыл бермей межелі жерге дейін жалғыз жүріп өтіпті. Сапар барысында күннің ыстығын да, ызғарлы суығын да көрген. Жауын-шашын мен қарсы соққан желдің де айтарлықтай кедергі келтіріп, бөгет болғаны тағы бар. Дей тұрғанмен мұның бәрін еңсеріп, бауырлас елдің шекарасын кесіп өтеді. Қара теңізді жағалай жүріп Анкара мен Бурса қалаларына аялдаған. Бұл қалаларда осында жүрген қазақ жастары, қазақстандық студенттер қарсы алып, кездесу ұйымдастырған. Сапар 28 қазанда Стамбул қаласындағы еліміздің біртуар ұлы Мұстафа Өзтүрік мазарының басында түйінделді.

Велосаяхатшының айтуынша, бастапқыда халықаралық веломарафон Сарытүбектен басталып, Париж қаласында түйінделуі керек болған. Алайда отбасылық себептерге байланысты бұл ойдан айнып, сапар бағыты Түркияға қарай өзгертілген екен.

− Шетелге шығу, халықаралық велошеру ұйымдастыру көптен бері ойда жүрді. Былтыр Ыбырай Алтынсаринның 180 жылдығына орай Астанадан кесенесіне дейін бардым. 750 шақырым жүрдім. Велошеруден кейінгі баспасөз мәслихатында Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына арнайы велошеруге шығатынымды мәлімдедім. Іле-шала Үкімет ұстаз тойын ЮНЕСКО аясында атап өтуге өтініш берді. Сол сәтте халықаралық велошеру туралы ой келді. Тек бастапқыда Сарытүбектен Парижге бармақшы болдым. Өйткені ЮНЕСКО-ның штаб пәтері Парижде. Екі аралық 9000 шақырымдай, 7-8 елден өтуім тиіс. Дегенмен отбасылық себептерге байланысты ол ойымнан бас тарттым. Сөйтіп, қазақпен рухтас Түрік елін, қос құрлықта қатар жатқан Ыстамбұлды таңдадым, – дейді саяхатшы.

Айта кету керек, Ернат Мелсұлы бұған дейін екі мәрте рекорд орнатқан болатын. Әуелі қыс мезгілінде 150 шақырымды жүріп өтті. Ал екіншісінде ораза айында 109 шақырым қашықтықты нәр сызбай бағындырды. Бұдан бөлек Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарына түрлі тақырып аясында велошеру ұйымдастырып, көптің қошеметіне бөленген-ді.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«QH»