Е.Бөкетов мектебіне – 50 жыл

Қарағанды қаласында Е.А.Бөкетов атындағы №52 мектептің ашылғанына биыл 50 жыл толып отыр. Білім алаңында жарты ғасыр қызмет еткен мектептің мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Осы уақыт аралығында мектеп сапалы білім берумен және тәрбиелі шәкірттерімен ерекшелене білді. Түлектері елге сыйлы, көпке үлгі боларлық азаматқа айналған.

Мектеп жұмысы балаға ең алдымен тәрбие беру және адамгершіліктің асыл қасиеттерін шәкірт бойына сіңіруге бағытталған. Өйткені, әл-Фараби бабамыз айтпақшы, «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы». Мектеп мұғалімдері өз қызметтерін шығармашылық деп қарайды, сонысымен де жоғары нәтижеге қол жеткізе білген.

– Біздің түлектеріміз – біздің мақтанышымыз. Елу жыл ішінде 88 шәкірт мектепті алтын және күміс белгімен аяқтаған екен. Бұның өзі мақтануға тұрарлық көрсеткіш деп білемін. Түлектеріміз ел алғысына бөленген танымал дәрігер, білімді ұстаз, спортшы, архитектор сынды қоғамға қажетті мамандық иелері атанып, елге қызмет етіп жүр. Қазір біздің түлектеріміздің балалары мен немерелері де осы мектепте тәлім алып жатыр, – дейді №52 мектеп директоры Дина Бекова.

Расымен де, талай шәкірт үшін құтты қара шаңыраққа айналған мектепті бітірген түлектердің арасында ұстаздық жолды таңдап, өздері тәлім алған білім ошағына қайта оралғандары да бар. Солардың бірі – мектептің бұрынғы директоры Татьяна Журакова. Ол жоғары оқу орнын бітірген соң өзі өскен мектепке жұмысқа орналасқан, кейін директордың орынбасары, директор лауазымдарын атқарып, 20 жылдан астам уақыт еңбек етті.

– Біздің мектебімізде әр шәкірттің жеке тұлға болып дамуына айрықша көңіл бөлінеді. Оқушылармен тығыз қарым-қатынас орнатып, олардың сапалы білім алуына және бойындағы талантын ашуына қолдау көрсетіп келдік. Егер шәкірттеріміз жеңіске жетіп, биіктерден көрінсе, біз үшін ерекше қуаныш – сол, – дейді Татьяна Журакова.

Елу жылдық мерейтойға орай мектеп қабырғасында мерекелік кеш өтті. Онда мектеп оқушылары әзірлеген концерттік бағдарлама көрсетіліп, үздік еңбегімен ерекшеленген педагогтерге марапат табысталды. Сондай-ақ ғалымның қарындасы Нұрсұлу Бөкетова ағасының есімін иеленген мектеп ұжымын мерейлі мерекемен құттықтап, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.

Ал Қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім мектеп директорына 2 млн теңгелік сыйлық сертификатын табыстады. Бұл қаражатқа алдағы уақытта абайтану сыныбы жабдықталмақ.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ

«QH»