Ұлттық мереке қалай ұлықталмақ?

Араға 13 жыл салып Республика күні мерекесі елмен қайта қауышты. Президент пәрменімен 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні болып күнтізбеге бекіді. Кенді аймақ айтулы күнді қалай қарсы алмақ? Қандай іс-шаралар өтеді? Бұл туралы Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде айтып берді.

Басқарма басшысының мәлімдеуінше, аймақта қазірдің өзінде мәдени іс-шаралар басталып кеткен. Оның ішінде «Табиғатты аялайық!» экологиялық акциясы және «Жақсылықты бірге жасайық» челлендждері мен «25 қайырымды іс» бастамаларын атап өткен жөн. Бұдан бөлек мереке қарсаңында, яғни 22 қазан күні Сәкен Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрында басты салтанатты шара өтеді. Одан соң «Ту тұғыры» алаңында мемлекеттің көк байрағы көтеріліп, Әнұран орындалмақ.

23 қазанда мерекені тойлау «Арманға жол!» спорттық жартылай марафонымен жалғасын таппақ. Сондай-ақ облысқа қарасты аудан, қалаларда пәтер кілттері табысталып, мерекелік шаралар жалғасын табады.

Облыстың Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакеновтің айтуынша, Республика күніне орайластырылған мәдени шаралар ауқымы кең. Мәселен, 15-16 қазан күндері «Дос-Мұқасан» фильмі көрсетілсе, 16 қазанда Оралхан Бөкейдің «Атау-кере» повесінің желісімен «Қауіпті будан» моноспектаклінің премьерасы өткен. Басқарма басшысы бұл шаралардың барлығы өскелең ұрпақ бойына туған еліне, жеріне деген махаббатты сіңіріп, патриоттық сезімге тәрбиелеуге ықпал ететінін айтады.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ,

«QH»