КОРОНАВИРУСТЫҢ ЖАҢА ШТАМЫ ПАЙДА БОЛДЫ

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Орталық коммуникациялар қызметі алаңында еліміздегі эпидемиялық жағдай туралы айтып, әлемде коронавирус инфекциясының жаңа штамы пайда болғанын хабарлады.

Министрдің айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Перуде алғаш рет 2020 жылдың желтоқсанында табылған және 30 елде, негізінен Солтүстік және Оңтүстік Америкада, Еуропа елдерінде 3 мыңға жуық жағдай анықталған «Лямбда» штамының анықталуы туралы мәлімдеді.

Эпидемиялық жағдай матрицасына сәйкес Қазақстан 26 маусымнан бастап «қызыл аймақта» орналасқан. «Сары аймақта» екі өңіріміз – Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстары болса, қалған өңірдің барлығы – 15 өңір «қызыл аймақта» тұр. «Дельта» штамының таралуын ескере отырып, соңғы екі аптада алдыңғы екі аптамен салыстырғанда жалпы республика бойынша аурушаңдықтың өсуі байқалады, оның көрсеткіші – екі есе. Маусым айымен салыстырғанда орташа тәуліктік ауру 4,8 есе өсті. Сырқаттанудың өсуін және денсаулық сақтау жүйесіне жүктеменің артуын ескере отырып, шілде айында қосымша 10мыңға жуық төсектік орын ашылды, резервте 21,4 мыңға жуық төсектік орын қалып отыр.

Сонымен қатар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қажетті көлемі толық қамтамасыз етілген. Ауруханаларда КВИ-ді емдеуге арналған дәрілердің айлық қоры, «СҚ-Фармация» қоймаларында және дәріханаларда екі айлық қоры қалыптастырылған. Барлық өңірде 18 млрд теңгеге дәрі-дәрмектердің тұрақтандыру қорлары құрылды. Сонымен қатар халықтың тестілеуге қолжетімділігі қамтамасыз етілді. COVID-19 диагностикасы үшін тәулігіне жалпы қуаты 120 мың зерттеу болатын 157 зертхана мен 66 биологиялық материал алу пункті тартылды. Тиісті контингентті вакциналау жалғасуда. Бүгінде вакцинаның 8 млн дозасы пайдаланылды, оның ішінде 1 компонентпен 5 054 970 адам егілді, бұл тиісті халықтың 51%-ын құрайды. Екінші компонентпен 3 075 907 адам қамтылды. Егу пункттерінде шамамен 580 мың бірінші компонент және 1 млн 190 мың екінші компонент бар.

«Вакциналау – вирустың таралуын азайтудың және бұрынғы өмір салтына, жұмысқа, отбасылық дәстүрге және саяхатқа оралудың жалғыз тәсілі»,- деп тағы да еске салды Алексей Цой.

«Дельта» штамы анықталған штамдарға қарағанда 60% жұқпалы, орта есеппен бір адамнан 5-6 адамға жұғады, 7 күнге дейін қысқа инкубациялық кезеңмен сипатталады.

ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН.