2 ТАМЫЗДАН БАСТАП ШЕКТЕУ ЖАРИЯЛАНАДЫ
ТӘЖ вирусының таралуы тыйылмай тұр. Елдегі эпидахуал алаңдатарлық болғандықтан бес облыста 2 тамыздан бастап қатаң локдаун жарияланбақ. Сол бестіктің құрамында біздің Қарағанды да бар. Бұл аймақтардағы аурушаңдық мөлшері 65%, өлім-жітім 55% құрап отыр.
Ведомствоаралық комиссияның мұндай шектеуіне күн санап өсіп жатқан аурушаңдық көрсеткіші – себепкер. Ырыққа көнбей отырған коронавирус жаңа локдаунмен біраз тірлікті тұсауламақ. Облыста күн санап бірнеше жүздеген ауру жағдайы тіркелуде.
Сондықтан, осыған дейін 29 шілдеден бастап, аквапарктер мен жағажайлар, соның ішінде рұқсат етілмеген көше аттракциондары мен 2 мың шаршы метр және одан да көп азық-түлік емес дүкендер толығымен жабылады. Демалыс күндері қалаішілік қоғамдық көлік қозғалысы болмайтыны айтылған. Қарағанды облысының бас санитарлық дәрігері Юрий Залыгин түсіндіріп өткендей жұмыс күндері ашық жүйесімен жұмыс істейтін, қоғамдық тамақтану орындары, фудкорттар, мейрамханалар, дәмханалар мен асханалар ойын алаңдары сағат 17:00 ге дейін жұмыс істейді. Ал, «Ashyq» жобасына қатыспайтындар 12:00 ге дейін істейді, ал банкет залдарына ашықсыз жұмыс істеуге тыйым салынады делінген. Санитарлық сала басшысының айтуынша, вирус халықтың 70 пайызы вакцинацияланғанға дейін ешқайда кетпейді. Сол себепті вакцинациялауға шақырды. Бірақ, қарағандылықтардың көпшілігі короновирус туралы да, оның «Дельта-штаммы» туралы да естігілері келмейтіндей.
Алайда, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, науқастардың 80 пайызы бүгінде Үнді дельта штаммын жұқтырыпты. Карантиндік шектеулердің күшеюіне қарамастан, автобустарда аптап ыстықта бетперде киетіндер аз. Жағажайларда да адам қарасы көп. Қайсыбір тойханаларда жасырын әрекетін жалғастыруда. Осындай бассыздықтарды болдырмау үшін қатаң локдаун қолға алынатын болды.
«Ashyq» қосымшасына қосылмаған барлық нысандар жұмысы тоқтатылады. Орталық мемлекеттік органдар, әкімдіктер, құқық қорғау органдары, денсаулық ұйымдары, БАҚ, азық-түлік дүкендері, дәріхана және өмірлік қамсыздандыру ұйымдары ғана жұмыс істейді. Оның өзінде екпе алған және соңғы 3 айда ковидпен ауырғандардан өзгесі (80 пайыз қызметкер) қашықтықтан қызмет етеді. Кез келген бас қосу, шоғырлану шарасына тыйым салынады. Бұл шектеу Теміртау, Шахтинск, Абай қалаларына да қатысты. Вице-Премьер Ералы Тоғжанов мониторингтік топтың жұмысын белсенді етуді тапсырды.
Тексеріс қажет, алайда қадағалау қатаңдаған сайын кәсіпкерлердің де «тынысы» тарылуда. Мониторингтік топтың тұтқиылдан болар тексерісіне көп жағдайда түсініспеушілік туындап жататын. Ендігіде бұл келеңсіздікті болдырмау үшін тексерісте бір жүйеленді. Кәсіпкерлер рейдтің қаншалықты заңды екенін арнайы платформа арқылы қадағалайтын болады. Бизнес өкілдерінің мүддесін қорғау мақсатында «Атамекен» республикалық кәсіпкерлер палатасы құқықтық стаистика және арнайы есеп комитетімен бірлесе отырып, infokazakhstan.kz электронды платформасын жасақтады. Ендігіде әр мониторингтік рейд тобының жұмысы цифрлық тұрғыда айқын көрініп тұрады. Бұл өз кезегінде арнайы топтың жұмысын сараптауға және бір нысанға қанша мәрте тексеріске келгенін көрсетпек. Нәтижесінде бармақ басты, көз қыстылыққа салар жемқорлықтың да жолы қиылмақ. Жаңа талапқа сай барлық тексеріс осы жаңа платформа арқылы тіркеліп тұрады. Онда тіпті мониторингтік топ құрамыда көрсетіледі.
Жүргізілген рейдтік қадағалау қорытынды нәтижесінде аймақ бойынша сараптамалық кесте жасалады. Онда статистикалық санақ жасалып, орын алған ереже бұзушылық түрлері топтастырылады.
Айта кету керек, мониторингтік топ төмендегі 5 санитарлық талаптарға қатаң қарайды:
— Нысанның жұмыс режимі;
— Отбасылық түрлі жиындар, мерекелік шаралар, ас берулердің адам шоғырлануымен өтпеуі;
— Әлеуметтік арақашықтық;
— Маскалық режим;
— Нысанға келген тұтынушылар лимитінің сақталуы.
Егер, мониторингтік топ тексеріс барысында талаптардың ескерілмегенін аңғарса, арнайы хаттама толтырып, құжат сәйкесінше Санитариялық эпидемилогиялық қадағалау департаментіне жөнелтіледі. Артынша әкімішілік іс қозғалып, арнайы шара қолданылатын болады.
Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ, «QH».