Қарағанды қаласының ПБ Ардагер ағамызды құттықтады

Қарағанды қаласының полиция басқармасының басшылығы мен Ардагерлер кеңесі ардагер ағалардың жолын үлгі ету мақсатында  Қарағанды қаласы ішкі істер органдарының ардагері отставкадағы полиция полковнигі Дәурен Хамитұлы Оспанқұловты 50 жасқа толған мерейтойымен құттықтады. 


Даурен Хамитұлы  Қарағанды облысының Қарақаралы ауданының киелі топырағында дүниеге келген болатын. Орта мектепті ойдағыдай аяқтаған жас жігіт Отан алдындағы борышын адал орындап елге келген соң  ҚР ІІМ Қостанай қаласының арнаулы милиция  мектебін бітіріп кейін Б.Бейсенов атындағы ҚР ІІМ Қарағанды Заң институтын аяқтап  ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 1992 жылы Қарағанды қаласының ішкі істер басқармасы Октябрь полиция бөлімі қылмысты іздестіру бөлімшесінің кіші жедел уәкілі болып бастаған болатын. Кейін Қарағанды қаласы ІІБ Жаңа Майқұдық ПБ бастығының бірінші орынбасары. 2009 -2011 жыл аралығында Қарағанды облысының Абай қаласының ІІБ бастығының бірінші орынбасары қызметтерінде жемісті еңбек атқарды.
Алғашқы болып сөз алған Қарағанды қаласының ПБ бастығының орынбасары полиция полковнигі Шахназар Салин  Дәурен Хамитұлының ішкі істер органдарында еңбек еткен жылдарына тоқталып өтті.
-Дәурен Хамитұлы  ішкі істер саласында біраз жылдар бойы қызмет атқарды. Қазіргі таңда құрметті зейнет демалысына шықса да, полиция бөлімімен тығыз байланыста болып, басқарманың қоғамдық өміріне белсене араласып келеді. Ағамызды мерейтойымен құттықтай отырып, отбасына бақ-береке тілейміз,-деген тілегін білдірді.
Қарағанды қаласының ПБ Ардагерлер кеңесінің төрайымы Күлғайша Әміржанқызы мерейтой иесін асқарлы елу жасымен шын жүректен құттықтап кеудесіне « ҚР ІІМ Ардагері»  медалін тақты.


Дәурен Хамитұлы ішкі істер органдарында түрлі басшылық лауазымдарда  өзін қабілетті ұйымдастырушы ретінде көрсете білгендіктен 2011 жылдың қаңтар айында Қарағанды қаласының ПБ бастығының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалған  болатын. Өзінің саналы ғұмырын  полиция қызметіне арнап 30 жылға жуық адал қызмет атқарып,  зейнеткерлікке шыққан. Ол қызмет өткерген жылдары Қарағанды қаласының аумағында қылмыстық құқық бұзушылықтың  тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау ісіне елеулі үлес қосты. Өз қызметіне адалдық танытып, парасатты ізбасарларын тәрбиеледі. Бұл күнде Дәурен Хамитұлының шәкірттері Қарағанды облысы ішкі істер органдарының әр саласында басшылық қызметте жемісті еңбек атқарды.
Тәртіп сақшылары торқалы той иесін шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, отбасына амандық тілеп ердің жасы елуді еңсерген ағамызға Қарағанды қаласының ПБ атынан Құрмет граммотасын және бағалы сыйлықтар табыс етті.
Өз кезегінде  Дәурен Хамитұлы өзінің еңбегін елеп, ардагерлерді құрмет тұтып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып келе жатқан Қарағанды қаласының ПБ басшылығымен жеке құрамына және ардагерлер кеңесіне алғысын білдірді.

Нағима Әшімқызы
ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ПБ