Сақтық шарасы сақталуы керек
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Ел үшін егілемін» азаматтық штабының коронавирустық инфекцияға қарсы жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмысы туралы» тақырыбында брифинг өтті. Баспасөз мәслихатына спикер ретінде «Ел үшін егілемін» азаматтық штабының төрағасы Нұрлан Әубакіров пен жалпы практика дәрігері Салтанат Сейтова қатысты.
Мамандардың айтуынша, егер тұрғын өз бойынан коронавирустық инфекцияның белгісін байқаса, мобильді топты үйіне шақыруы керек. Кейін өзінің мекен-жайы бойынша тіркелген ауруханаға келіп, фильтр бөлімінде жалпы физикалық жағдайы қаралып, ПТР тестін тапсыруы тиіс. Вирус анықталған жағдайда профилактикалық емдеу жұмыстары жүргізіледі. Науқас 10 күн үйде карантин режимінде болады және дәрі-дәрмек тегін беріледі.
- Қазір санэпидбақылаудың күшейгенін айтуға болады. Бұдан бөлек, бетперде режимін сақтап, арақашықтықты ұстауларыңызды және адам көп жиналатын орындарға бармауларыңызды сұраймыз. Короновирусқа қарсы іс-шаралардың қатарына ауруханаларға қатысты инфрақұрылымның жақсарғанын, яғни қосымша стационарлық бөлімшелердің ашылғанын да айтып өтуге болады,- дейді Салтанат Ерғазиева.
Брифинг барысында «Ел үшін егілемін» азаматтық штабының төрағасы Нұрлан Түйжанұлы атқарылған жұмыстардың барысымен және ұйымның негізгі мақсатымен таныстырып өтті.
«Ел үшін егілемін» азаматтық штабы 2021 жылдың қыркүйек айында құрылды. Құрамына денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдері, қалалық Мәслихат депутаттары, заңгерлер және т.б кіреді. Штабтың басты мақсаты – халыққа қарапайым тілде ақпарат беріп, вакцинация және короновирус туралы сұрақтарға жауап беру», — дейді Нұрлан Түйжанұлы.
Брифинг барысында спикерлер екпе, ревакцинация туралы объективті ақпаратпен бөлісті. Жиын барысында барлығы 10-ға жуық сұрақ келіп түсті, олардың барлығына толық жауаптар берілді.