5516 әскери бөлімі командирінің Жаңа жылға арналған құттықтау сөзі
Өтіп бара жатқан 2022 еліміз үшін аса маңызды оқиғаларға толы болды.
Қанды 5 қаңтарда болған жаппай тәртіпсіздіктен басталған жыл еліміз үшін оцай болған жоқ. Дегенмен, халқымыз сын-қатерге төтеп беріп, қиындықтарды еңсере білді. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында ұлттық ұланның қайсар жауынгерлерінің ерлігі мен қайсарлығы тарихта қалды. Бейбіт уақытта жауынгерлеріміздің қаза болуы – біздің ортақ қайғымыз. Олар өмірлерінің соңына дейін Отанға адал қызмет етіп, екеуі де қауіпке қарамастан қызметтерін адал орындап, соңына дейін бұзақыларға қарсы тұрды. Біздің Отанымыздың қазіргі күндегі батырлары – Айбат Аманов пен Мадияр Кайсаров. Ұлттық ұланның батырлар тізімінде мәңгі қалады.
Қазақстан тарихи дамудың жаңа кезеңіне қадам басты.
5 маусымда республикалық референдум өтті. Ата заңымызға ұсынылған өзгерістерді азаматтардың басым көпшілігі қолдады.
20 қарашада өткен Қазақстан Республикасының Президенті сайлауында Қ.Тоқаевқа халық зор сенім артып, өз таңдауын жасады.
Әлемдегі тұрақсыздыққа қарамастан экономикамыз орнықты дамып келе жатыр.
Ұлттық ұланның имиджі көтеріліп, әскери қызметшілердің әлеуметтік сұрақтары бірінші орынға қойылып, офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің материалдық жағдайларын жақсарту үшін нақты шаралар жүзеге асырылып отыр. (2023 жылдың қаңтар айынан бастап жалақы мен төлем ақы мөлшері өсті). Сонымен қатар әскерімізді заманауи қару-жарақпен, озық үлгідегі әскери техникамен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Қазір біз өркендеудің жаңа жолына, әлеуметтік дамудың жаңа кезеңіне бет алдық. Президентіміз бекіткен жаңа экономикалық бағамда жаңа бағдармалар, оның бағыттары және нәтижеге жету жолдары көрсетілген. Сол бағытты ұстанып, болашаққа сеніммен қарайық! Жаңа Қазақстан патриоттық рухы асқақтай берсін!
Елімізде бейбітшілік болсын, еліміздің еңсесі биік, туымыздың тұғыры берік болсын! Келе жатқан жаңа 2023 жыл әрбір азаматқа, әрбір отбасыға бақ-береке әкелсін!
5516 әскери бөлімінің командирі
подполковник Р. Омаров