50 жастан асқан қарағандылықтар үшін жұмысқа орналасу мүмкіндігі
Қарағандылық Арман Жамбұлов 54 жаста. Кәсіби заңгер ретінде ол ұзақ уақыт бойы тұрақты жұмысты және лайықты жалақысы бар қызметті таба алмаған. Оған «Күміс жас» жобасы аясында Мансап орталығы арқылы жұмыс орны ұсынылды.
– Көптеген жұмыс беруші тәжірибелі мамандарды іздейді, бірақ жасы үлкендерді жұмысқа алуға асықпайды. Сондықтан «Күміс жас» жобасы туралы естігенде, бірден Мансап орталығына барып, қажетті құжаттарды тапсырдым. Бір күн ішінде жұмысқа орналасу рәсімдері аяқталды, – дейді Арман Жамбұлов.
Ол жұмысқа орналасқан «Айла САТ» компаниясында жобаның тағы бір қатысушысы, мұрағатшы Арман Сапақов та еңбек етуде. Ол үш айдан бері осы қызметте.
«Күміс жас» жобасы бизнеске қаржылық қолдау көрсетіп, жұмыс орындарын субсидиялау арқылы тәжірибелі мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Мемлекет алғашқы жылы жалақының 70%-ын (30 АЕК-тен аспайтын), екінші жылы – 65%-ын, үшінші жылы – 60%-ын өтейді.
– Барлық жастағы адамдарға арналған түрлі жоба бар: «Жастар практикасы», «Бірінші жұмыс орны», «Күміс жас», «Алтын жас», сондай-ақ уақытша және қоғамдық жұмыстар. Ең бастысы – еңбек етуге деген ниет, – дейді Қарағанды облысы бойынша еңбек ұтқырлығы орталығының директоры Нұржан Сыздықов.
Жоба жұмыс іздеушілерге ғана емес, компанияларға да тиімді.
– Біз тәжірибелі мамандарды жұмысқа қабылдау арқылы әлеуметтік әріптестікті дамытуға ниеттіміз. Олар жауапты әрі құнды тәжірибеге ие. Мысалы, бізде аспаз-кондитер ретінде жұмыс істейтін Валентина Оспанова – өз ісінің нағыз маманы. Оны жұмысқа алуға көмектескен Еңбек ұтқырлығы орталығына алғысымыз шексіз, – дейді «Данель» кәсіпорнының басшысы Гүлнұр Нәлібаева.
Валентина Оспанова да өзіне берілген мүмкіндікке қуанышты. Ол зейнетке шығуына екі жыл қалса да, тұрақты жұмыс тауып, жақсы жалақы алып отыр.
– Мансап орталығына барып, жұмыс іздедім. Маған кондитерлік цехта қызмет ұсынылды. Жұмысым өзіме ұнайды, зейнетке шығуды күтіп үйде отырмай, белсенді еңбек етіп жатқаныма ризамын, – дейді ол.
Биыл «Күміс жас» жобасы аясында Қарағанды облысының Еңбек ұтқырлығы орталығы 3 082 жұмыс орны бойынша 1 620 шарт жасасты. 851 бос жұмыс орнына 380 жаңа өтініш қабылданды.
Қарағанды облысы бойынша еңбек ұтқырлығы орталығы Қарағанды қаласы, Тәттімбет көшесі, 709, 2 қабат мекенжайында орналасқан. Call-орталық: 60-50-50.
Облыс бойынша 13 мансап орталығы жұмыс істейді, азаматтар өз тұрғылықты жеріне қарай сол орталықтарға жүгіне алады.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»
Фото Александр Марченко