4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні
Мемлекеттік рәміздер күні Оңтүстік-Шығыс ауданындағы тутұғыр маңында ауқымды түрде аталып өтті. Көк ту астына жиылғандардың қарасы 3 мыңнан астам адамды құрады. Әскери қызметкерлер, полиция және қала тұрғындары жиылып, айтулы шарада бір кісідей атсалысты.
Еліміздің тұңғыш рәміздері ту мен елтаңба тәуелсіздігіміз жарияланғанына дәл 130 күн толғанда, яғни 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. Сондай-ақ рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгі.
– Наркескен намысымыз, қастерлі құндылығымыз, қадір тұтар қасиетіміз. Сондықтан халқымыздың рухы мен ұлттық санасын, болашаққа деген үміті мен арманын айшықтайтын рәміздерді қастерлеуді біздің басты парызымыз деп білемін. Дана халқымызда «ту жығылмасын» деген аталы сөз бар. Кешегі көк түркілер заманында баһадүр бабаларымыз бөрілі байрақтың астында бас қосты. Ал бүгін егемен ел ретінде еңсеміз биік, бірлігіміз бекем. Көк байрағымыз тәуелсіздік символы ретінде биікте желбірейді, – деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев.
«Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты 31775 әскери бөлімнің 100 әскери қызметкері мерекелік шараға қатысты. Аталмыш бөлім командирінің орынбасары Шерхан Балтабай Мемлекеттік рәміздер күнін тойлаудың басты мақсаты отандық патриотизм мен туға, елтаңбаға деген құрмет екенін атап өтті.
– Бұл күн – біз үшін мереке. 1992 жылдың 4 маусымында Рәміздер күніне арнайы заң шыққан болатын. Сол арнайы заңды бүгін қолдап, Рәміздер күні екенін бүкіл Қазақстанға, бүкіл әлемге мақтанышпен айтамыз. Қарулы күштеріміздің деңгейін көтеретін бағалы зат – байрағымыз. Ол жерде біздің көк аспанымыздың мәртебесі, әнұранымыз бар, әр автордың еңбегі үшін алғысымыз шексіз, – дейді Шерхан Балтабай.
Аталмыш мерекеге қаланың полиция және күш құрылымдарының қызметкерлері қатысты. Қаланың дамуына баға жетпес үлес қосқан еңбек ардагерлері және Қарағандының құрметті азаматтары шақырылды. Іс-шара қаланың шығармашылық ұжымдарының өнер көрсетуінен басталды, ал балалар хорының әнұран орындауы қатысушылардың жүрегіне ерекше әсер етті.
– Қандай қиын-қыстау замандарда да, қандай тар жол, тайғақ кешуде де бабаларымыз, баһадүр бабаларымыз, осынау бөрілі байрақтың қасында біріккен. Көк туымыз намысымызды қайраған, жігерімізді жаныған. Тарихқа сәл экскурсия жасайтын болсақ, сонау түркі заманында, одан беріректе үш жүздің басын біріктірген хан Абылайдың тұсында да, кешегі «Алаш» қайраткерлерінің уақытында да, сексен алтының желтоқсанында да барша елді біріктірген басты құндылық – елге-жерге деген сүйіспеншілік, Отанға деген адалдық. Бұл – мемлекеттілігімізге деген құрмет, – деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын.
Іс-шарада марапаттау рәсімі де өтті. Құрмет грамоталарына қаланың еңбек сіңірген қайраткерлері, жас дарындар мен еріктілер ұсынылды. Марапаттау аяқталғаннан кейін, вело-мотожарыстарының жыл сайынғы көші қозғалды. Ондаған велосипедші мен мотоциклші елге деген патриотизмін білдіру үшін көше бойымен жүріп өтті.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»