«AMANAT» пен «Әділет» бір мақсат жолында
Астанада өткен «AMANAT» партиясының XXVI съезінде делегаттар жаңадан құрылған «Әділет» партиясымен бірігу туралы бастаманы бірауыздан қолдады. Партия жетекшілерінің айтуынша, бұл шешім – уақыт талабынан туындаған және мемлекет мүддесіне жауап беретін маңызды саяси қадам. Бірігудің басты мақсаты – Тәуелсіздікті нығайту, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту және елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету.
Съезде сөз сөйлеген «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов қазіргі кезеңде қоғамның алдында тұрған жаңа міндеттер мен сын-қатерлер саяси күштердің топтасуын қажет ететінін айтты.
– Уақыт бір орында тұрмайды. Ұлы мемлекеттерді өткенмен өмір сүретіндер емес, болашаққа көз тігетіндер құрады. Қазақстан қазір дамудың даңғыл жолына түсті. Сондықтан біз дәл осындай жауапты сәтте «Әділет» партиясымен бірігуіміз керек. Біз өз ұстанымдарымыздан бас тартпаймыз, керісінше, оларды жаңа даму кезеңіне шығарамыз, – деді Ерлан Қошанов.
Партия төрағасының айтуынша, екі саяси ұйымның бірігуі – әлемдік тәжірибеде бар, табиғи әрі кемел саяси үдеріс. Бұл қадам барлық прогрессивті қоғамдық-саяси күштерді ортақ ұлттық құндылықтар мен стратегиялық мақсаттар төңірегіне топтастыруға бағытталған.
Айта кетейік, «Әділет» партиясы түрлі кәсіби қауымдастықтар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің бастамасымен құрылған. Оның құрылтай съезі биыл мамыр айының басында Астанада өтті. Партия бағдарламасы заң үстемдігін нығайтуға, тиімді мемлекеттік және қоғамдық институттарды дамытуға, өңірлерді қолдауға, адами капиталды арттыруға, цифрландыруды жеделдетуге және бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыруға бағытталған.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»

