31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

Қарағанды облысының Спасск мемориалдық кешенінде Отанынан жырақта жерленген саяси қуғын-сүргін құрбандары мен әскери тұтқындардың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Осыған орай жыл сайын жазықсыз жандарды еске алып, репрессия құрбандарына арналған ескерткіш тасқа гүл шоғын қойып тағзым ету дәстүрге айналған. Азалы дәстүр биыл да өз қалпынан айнымай, солақай саясаттың құрбандарын еске алу шарасы өтті. Спасск мемориалдық кешенінде саяси қуғын-сүргін құрбандарының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Тағдыр тәлкегімен жер аударылған шетел азаматтарын еске алу рәсіміне олардың жерлестері де қатысты. Әскери атташе, елшілер, өзге елдердің қарулы күштерінің ресми өкілдері шараның маңыздылығына тоқталып, тарихты жадымызда сақтауға тиіс екенімізді айтты.

– Бұл жерге келіп жақындарымызды еске аламыз. Арада қанша уақыт өтсе де, біз сол кездегі жүйенің құрбандарын ұмытпауға тиіспіз. Біз, бүгінгі ұрпақ, еліміздің жарқын болашағы жолында қаза болған жазықсыз құрбандардың алдында ғұмыр бойы бас иіп өтуге міндеттіміз. Олардың ерлігін есте ұстау және келешек ұрпақтың санасына сіңіруді перзенттік парызымыз, азаматтық борышымыз деп білемін. Бұл жерде менің елімнің адамдары бар, анам жер аударылып Қазақстанда болған. Қазақ еліне алғысым шексіз, – деп атап өтті Еуропалық комиссияның ауылшаруашылығы жөніндегі комиссары Януш Войчеховски.

Бұл жерде әскери тұтқындар мен саяси қуғын-сүргін құрбандарына Венгрия, Германия, Италия, Литва, Польша, Ресей, Румыния, Украина, Филиппин, Финляндия, Франция, Жапония және тағы да басқа елшіліктер ескерткіш орнатқан. Қарағанды гарнизонының әскери қызметшілері мұндағы ескерткіштердің жай-күйі мен аумақ тазалығын үнемі бақылауда ұстап отырады. Спасск мемориалдық кешені ҚР Қорғаныс министрлігі оқу орталығының полигонына жақын орналасқан. Тарихшылардың бағалауынша, зиратта әр түрлі ұлттың 5 мың өкілі жерленген.

– Мән-маңызы жоғары, ел үшін құнды азалы күн елеусіз қалмайды. Өйткені біз үшін, ұрпағымыз үшін өткенді есте сақтау, тарихи мұраны білу, оған ұқыпты қарау және жер бетіндегі бейбітшілік пен келісімді есте сақтау маңызды деп білемін, – дейді 36352 әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Тамирлан Кабышев.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»