30 мың бала спортпен тегін айналысады

Қарағанды облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырыла бастады. 2025 жылдың соңына дейін өңірде 17 мектеп салу жоспарланып отыр.

Қарағанды облысында 30 мыңға жуық бала өңірдегі 35 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жанындағы тегін спорт секцияларында айналысатын болады. Сондай-ақ өңірде 21 спорттық нысан салу жоспарланып отыр.

Дене шынықтыру және спорт басқармасында облыстың қалалары мен аудандарының барлық ведомстволық бағынысты спорт мектептері басшыларының қатысуымен кеңес өтті. Ведомствода атап өткендей, өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтына деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Сондықтан спорт саласында өзекті мәселелер жинақталып қалған. Енді олар дөңгелек үстел басында талқыланды.

Бүгінгі таңда өңірде балаларды спортқа тарту бағытында үлкен жұмыстар жүргізілуде. Ботақара, Ғ.Мұстафин атындағы, Топар, Егіндібұлақ кенттерінде және Приозерск қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы басталды, сондай-ақ Балқашта спорт кешені, Нұра ауданының Шахтер ауылында жабық хоккей корты салынуда.

– Ақтоғай ауылындағы стадионды қайта құру басталды, Осакаров ауданының Молодежный кентіндегі балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде және Теміртау қаласының БЖСМ, Қарағандыдағы үстел теннисі және гимнастика бойынша мектептерде ағымдағы жөндеу жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ биыл өңірде жаңа спорт алаңдары мен көпфункциялы хоккей корттары орнатылады. Барлығы 21 ғимарат орнатылмақ, – деп хабарлады Қарағанды облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы.

Ақзия Оразалиева