28 қыркүйек – құтыруға қарсы дүниежүзілік күрес күні
Жұқпалы аурулардың ішінде адамды сөзсіз өлімге әкелетін және емі жоқ ауру – құтыру. Оны тек алдын алу арқылы ғана болдырмауға болады.
Құтыру ауруының емі жоқ, алайда оның алдын алуға болады. Құтырудың алдын алу мақсатында жануар тістеген, тырнаған немесе сілекейі тиген барлық адамдар тұрғылықты жері бойынша травматологиялық пункттерге медициналық көмекке жүгініп, құтыруға қарсы екпе курсын алуы қажет. Тістелген жараны таза сумен және сабынмен мұқият жуып, жараның шеттерін йод тұнбасымен өңдеп, құтыруға қарсы екпе алу қажет. Әрбір адам құтырудан болатын өлімнің алдын алудың жалғыз жолы – құтыруға қарсы екпелердің толық курсын уақтылы алу екенін білуі тиіс. Құтыруға қарсы вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптарына сәйкес сертификатталған және тегін жүргізіледі.
Құтыруға қарсы екпе алу кезінде және вакцинация курсы аяқталғаннан кейін кемінде 6 ай бойы алкогольдік ішімдіктерді қолдануға, ауыр дене еңбегімен айналысуға және суық тигізуге болмайды. Бұл талаптарды сақтамау иммундық жүйенің қызметін әлсіретіп, құтыру ауруының дамуына және өлімге әкелуі мүмкін.
Егер сізді белгілі ит немесе мысық жарақаттаған болса, оны ветеринариялық дәрігерге көрсету қажет. Жануар 10 күн бойы ветеринариялық бақылауда болады, осы кезеңде 3 рет екпе тағайындалады. Ал жарақаттаған ит немесе мысық қашып кеткен немесе өліп қалған жағдайда, 6 рет екпе тағайындалады.
Сондықтан бойында өзгерістері байқалған жануарларды балалардан аулақ ұстау, оқшаулау және ветеринариялық дәрігерді уақытылы шақыру қажет. Егер үйде ит немесе мысық ұстайтын болсаңыз, оларды ветеринариялық дәрігерге көрсетіп, кеңес алып, құтыру ауруына қарсы уақытылы вакцинациядан өткізіп отыру қажет.
Құтыруға қарсы екпе алып жүрген адамдарға темекі шегуге, алкогольдік ішімдіктерді қолдануға, ауыр дене жұмыстарын атқаруға болмайды. Суық тиюден сақтанып, шамадан тыс шаршамау қажет. Барлық кезеңде жеке бас гигиенасы ережелерін сақтау қажет. Екпе қабылдар алдында тамақтанып алу керек, екпені аш қарынға салуға болмайды.
Н.М.АЙМАҒАНБЕТОВ,
Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданының
санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
басқармасының басшысы
С.ТУЛАКПАЕВА,
бас маман

